Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда студенттерді шетелге оқуға жіберетін орталық директоры алаяқтық жасаған

Алматыда студенттерді шетелге жіберуге арналған оқу орталығын басқарған 40 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицияның хабарлауынша, әйел алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Бір жылдан астам уақыт бойы адамдардың сеніміне кіре отырып, ол шетелде оқығысы келетін талапкерлердің ата-аналарының қаражатын иемденді.

«Әйел интернетте шетелдік білім беру мекемелерінде оқытуды ұйымдастыру бойынша қызметтер туралы жарнамалар жіберді. Ата-аналарға балаларының шетелдік оқу орнына түскені туралы жалған құжат көрсеткен. Оған сенген ата-аналар есепшотына қаражат аударған. Әрбір қылмыстық әрекеттен келтірілген материалдық шығын екі миллион теңге және одан жоғары. Қазіргі уақытта біздің бөлімге жеті адам арызбен жүгінді», - деді Алмалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Есен Ысқақов.

Қазіргі уақытта азаматша Б.-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция ұсталған адамның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен адамдар болса, келесі нөмірлерге хабарласуын сұрайды: 8-708-707-92-02; 8-702-333-42-64; 8-705-711-13-71.

Талқылау