Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда сот шешімімен төрт қабатты бизнес-орталық сүрілетін болды

Алматыдағы бизнес-орталық көптеген заң бұзушылықтар үшін сүрілетін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

фото:  Алматы әкімдігі

Бизнес орталық Экспериментальная көшесінен солтүстікке, Қожанов көшесінен шығысқа қарай орналасқан. Төрт қабатты әкімшілік ғимаратта көптеген заң бұзушылықтар анықталғандықтан, оны сүру жөнінде шешім қабылданды. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, нысан жобаның сараптамасынсыз салынған, сондай-ақ, бекітілген бас жоспарда кемшіліктер тіркелді.

 "Сот талапты алғаш рет Бостандық аудандық сотына 2020 жылдың 6 наурызында жіберген. Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылды, алайда 3 жылдан астам уақыт бойы апелляциялық шағымдар мен істің жаңа жағдайларына байланысты сот талқылауы жалғасты. 2021 жылғы 13 мамырда мемлекеттік сот орындаушысы меншік иесіне сот шешімінің ерікті түрде орындалуы туралы хабарлама жіберді, алайда, меншік иесі жер учаскесін сатты, осыған байланысты шешім орындалмай қайтарылды", – делінеді әкімдіктің хабарламасында.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау департаменті жер телімін сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызға бастамашы болған.

2022 жылғы 27 қаңтардағы сот шешімімен мәміле жарамсыз деп танылып, Алматы қалалық сотының 2022 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен шешім өзгеріссіз қалдырылыпты.

Ғимаратты бұзу күні белгіленгеннен кейін сот орындаушысының әрекетіне шағым жасалып, үшінші тұлға Алматы қалалық сотына сүру жөніндегі шешімге апелляциялық шағым түсірді. 

"Алматы қалалық сотының қаулысымен апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды, бірақ кейін ол Жоғарғы сотта қаралды. Жоғарғы соттың қаулысымен кассациялық шағымды қараудан бас тартылды, содан кейін сот орындаушысы бұзу күнін белгіледі.
Осылайша, нысанды мәжбүрлеп бұзу бүгін 26 шілдеде басталды", – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
 

Талқылау