Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Шымбұлақ тау курортында бір топ шетелдік төбелес шығарды (видео)

Алматыда Шымбұлақ тау курортында бір топ шетелдік төбелесті. Оқиға 1 ақпан күні кешке болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрлардан ер адамның қара киімдегіні ұрып құлатқанын байқауға болады. 

Шымбұлақ тау курорты әкімшілігінің мәліметінше, демалыс орнына келген қонақтардың бірі ұзақ күткенін айтып, наразылық білдірген.

"Шетелдік қонақтардың картасын толтыру қажет болды. Сол үшін тау шаңғысы мектебінің кассирі жұмыс орнын уақытша тастап кетті. Осы сәтте қонақтардың бірі көрсетілетін қызметтерге және күту уақытына наразылығын агрессивті түрде білдіре бастады. Касса аймағында тұрған қызметкер қонаққа кассир емес екенін және оның қызметтік міндеттері клиенттердің басқа да мәселелерін шешуге байланысты екенін түсіндіруге тырысты. Сосын қонағымызға кассирдің қайтып келуін күтуді сұрады. Кассир оралып, қонақтарға қызмет көрсетуді жалғастырды. Дегенмен әлгі қонақ балағат сөздер айтып, кассаның жұмысына кедергі жасады. Сондай-ақ ол қызметкерден былай шығуды талап етті. Сосын қызметкер жұмыс орнын тастап, артынша екеуінің арасында төбелес болды. Демалыс орнының нұсқаушылары оқиға орнына жылдам келіп, жанжалдасушы тараптарды ажыратып, жағдайды реттеу шараларын қолға алды”, – делінген хабарламада. 

Қонақ кеткенімен, басқа да арандатушылар тынышталмай, ашуға булыққан соң курорт әкімшілігі полиция шақырған. 

"Комби-1 аспалы жолының қону аймағында полиция қызметкерлерін күтіп тұрғанда курорт қызметкерлері жағдайды шешуге тырысып, тыныштықты сақтау үшін жанжалға қатысушыларды ұстап тұрған. Дегенмен, қонақтар оларды балағаттап, ұлт араздық тудыратын сөздер айтқан. Жағдайдың нашарлауына байланысты оқиға орнына жедел әрекет ету тобы (ЖТЖ) жетті. Бірақ ауызша кикілжің физикалық қақтығысқа ұласты", – делінген хабарламада. 

Полиция келгеннен кейін жанжал шығарғандар мән-жайды анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта жанжалға қатысқан қонақтарға қатысты "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалды.

"Медеу аудандық полиция бөлімі бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы қылмысты жасады деген күдікпен бес адам қамауға алынды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген хабарламада. 

Талқылау