Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Qnet" қаржы пирамидасын басқарған күдікті ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп оңтүстік мегаполис аумағында "Qnet" қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөлген. 

"Qnet" қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылған. Бірқатар шет елдерде "Qnet" компаниясы қаржы пирамидасы болып танылды. Сондай-ақ, оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді.

“Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада осындай қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдікті ұсталған болатын.

Талқылау