Алматыда прокурор "5:32" сериалының продюсерін 2,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Алматыда "5:32" сериалының продюсері себепкер болған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы полиция департаменті
Мәліметтерге сенсек, іс Алмалы аудандық сотында қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қаралып жатыр. 28 жастағы әйелге көлiк құралын басқару кезінде жолда жүру қағидаларын бұзу, соның ішінде абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша айып тағылып отыр.
Прокурор соттан Анель Саратаеваны кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Соттан Анель Сартаева жазасын ең төменгі түзеу мекемесінде өтеуді, сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы жаза тағайындауды және бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне ауыстырылуын сұраймын", – деді прокурор.
Прокурордың сөзінше, Сартаеваның жазасын жеңілдететін мән-жайларға оның шын жүректен өкінуі, кінәсін мойындауы, жас баласының болуы, сондай-ақ қылмыстың бірінші рет жасалуы және ауырлығы төмен болуы жатады.
Еске салайық, 26 маусымда Алматыдағы Мақатаев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болған жол-көлік апатынан кейін 16 адам зардап шегіп, 1 адам қаза тапқанын жаздық. Кейін 25 адам зарлап шеккені айтылды. Апат болған жерде автобусқа соқтығысқан Kia Sportage автокөлігін 28 жастағы Анель Сартаева басқарған. Ол Salem social media компаниясында "5:32", "Эскорт", "1286" сияқты танымал қазақстандық сериалдарға продюсерлік еткен. Жауапкердің адвокаты Қанат Әлсейітов желідегі парақшасында қамауға алмау туралы жеке шағым түсіргенін, сот оны қанағаттандырғанын мәлімдеді. Сөйтіп Анель Сартаева үйқамаққа жіберілген.