Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда үш қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған полицей қамауға алынбады

Алаяқтық, пара беруге итермелеу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бойынша полиция қызметкері кінәлі деп танылған полицей шартты жазамен құтылып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау қаласының №2 соты полицейді алаяқтық, пара беруге шақыру және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін төрт жылға бас бостандығын шектеді.

Тергеуші 2021-2023 жылдар аралығында құқық қорғау органдарында жұмыс істеп жүріп, екі азаматтан жүйелі түрде қарыз ретінде ақша алып отырған. Өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, қызмет мүддесіне қайшы әрекет жасаған.

2021 жылдың 7 желтоқсанында полиция қызметкері есірткі сатты деген күдіктіні қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесуге уәде беріп, оны шенеунікке пара беруге итермелеген.

Сот полицейді алаяқтық, пара беруге итермелеу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бойынша кінәлі деп тапты. Белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталушы полиция капитаны арнайы атағынан да айырылды.

Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның асырауында төрт кішкентай баланың болуын және келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде өтеуді ескерді. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау