Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Pfizer вакцинасын қай жерде салдыруға болады

Алматыда барлық вакцина пунктінде Pfizer вакцинасын сақтауға арналған жабдықтар бар. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Алматыда коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы қаладағы барлық вакцина пунктіне жеткізіледі. Кеше Pfizer вакцинасын қолдану бойынша нақты ақпарат алдық. Қазір бізде 137 вакцина пункті жұмыс істеп тұр, сол жердің барлығында Pfizer вакцинасын салдыруға болады. Бұл вакцинаны бірінші кезеңде салдыра алатын үкімет бекіткен адамдардың үш тобы бар екенін білеміз. Олар: 12-18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және емшектегі баласы бар әйелдер. Алматы бойынша қазір вакцинаны мамандарды үйге немесе мектепке шақырып салдыруға болады", – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қазір қалада вакцина салдыруға жататын 176 600 бала мен емшектегі баласы бар 67 мың әйел және 20,5 мың жүкті келіншек бар.

"Бізде осындай ақпарат бар, алайда вакцина адамдардың өз еркі бойынша салынады. Сондай-ақ ата-аналардың рұқсаты болуы керек. Дәл қазір қанша адамның қай вакцина пунктінде вакцина салдыратынын, мамандардың қай мектепке барып вакцина салатынын білмейміз. Бұл ниет білдірген адамдарға байланысты белгілі болады", – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қалада барлық вакцина пунктінде Pfizer вакцинасын сақтауға арналған жабдықтар бар.

Әзірге Pfizer вакцинасы қалаға жеткізілген жоқ. Бұған дейін Табынбаев Pfizer вакцинасы қалаға 20 қазаннан кейін жеткізіледі деп жоспарланғанғанын айтты.

"Алматыға 130-дан 160 мың дозаға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ Алматы үшін квота бөлу жағы нақтыланып жатыр", – деді ол.

Ал қаланың бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин Pfizer жеткізілгеннен кейін 300 мыңнан астам оқушы мен студент вакцина салдыра алатынын айтты.

"Вакцина қазан айының соңында жеткізілетіні айтылды. Pfizer жеткізілген соң 306 мыңға жуық мектеп оқушысы мен студентке вакцина сала аламыз. Бұл бізге вакцинация арқылы иммундық қабат деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, ал ол аурушаңдыққа әсер етеді", – деді Бекшин.

Талқылау