Алматыда өздерін заң қызметкері етіп таныстырып, адамдардан ақша талап еткен алаяқтар кімдер – Департамент өкілі түсіндірді
Алматыда өздерін Әділет департаментінің қызметкерлеріміз деп таныстырып, қарапайым азаматтардан ақша талап еткен алаяқтар пайда болған. Бұл мәселеге қатысты аталған департаменттің атқарушы іс жүргізу басқармасының басшысы Әнуар Жексеков пікір білдіріп, алаяқтық оқиғалар жайлы тоқталып олармен күресудің жолдарын айтты.
Бұған дейін тараған ақпаратқа сүйенсек, алаяқтар жалған тауарларды ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы қымбат бағаға сатып, мәмілеге келгеннен кейін жоғалып кететін болған. Кейін қайта қоңырау шалып, өздерін Әділет департаментінің қызметкерлері етіп таныстырып, алаяқтардың ұсталғаны туралы хабарлап, өтемақы төлеуге уәде берген. Бірақ олар алдын ала комиссия түріндегі аванстық төлем талап етіп, осылайша алаяқтық жолмен ақша алып отырған.
Әнуар Жексеков мұндай фактілер 2022 жылдың желтоқсан айының басынан бері тіркелгенін айтады. Небәрі екі айдың ішінде республиканың түкпір-түкпірінен қызметкерлердің аты-жөнін нақтылау үшін 300-ге жуық қоңырау түскен. Сонымен қоса Әділет департаментінің материалдық және қаржылық өтемақы қарастырмайтынын атап өтеді.
Жексеков алаяқтар өздерін агенттіктің заңды қызметкері етіп көрсетуі үшін жалған құжаттарды пайдаланатынын түсіндіреді. Алаяқтардың алдын алу үшін департаменттің ресми сайтында қызметкерлердің тізімін жариялап, жұртшылықты департамент қызметкерімін деп мәлімдеген кез келген адамның жеке басын жіті тексеруге шақырған. Мұндай шаралар алаяқтық әрекеттердің алдын алу және қарапайым азаматтардың алданып қалмауы үшін пайдасы болады деп сенеді департамент өкілі.
Қазіргі уақытта Алматы полиция департаменті бұл іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, ал Әділет департаменті қылмыскерлерді тауып, ұстау үшін олармен тығыз жұмыс істеуде.
Әнуар Жексеков мұның жәбірленушілерге материалдық шығын келтіріп қана қоймай, мемлекеттік мекемелерге деген сенімен селкеу түсіретін ауыр қылмыс екенін айтады.
"Әсіресе бұл алаяқтардың әрекеті ерекше алаңдаушылық тудырады. Олар алдымен интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жалған тауарларды жоғары бағамен сатады, сосын Әділет министрлігінің лауазымды тұлғаларының атын жамылып, жалған құжаттар ұсынып, өтемақы төлеуге уәде береді. Дегенмен олар комиссия түріндегі ақшаны алдын ала талап етіп, осылайша қаражатты алаяқтық жолмен алып алады. Бұл алаяқтардың адамдардың осал тұстарын және мемлекеттік мекемелерге деген сенімін өздерінің мақсаттары үшін қалай пайдаланатынын көрсететін мысал", - дейді Жексеков.
Ол алаяқтықпен күресу жолында алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтеді. Сөзінше, адамдар алаяқтық пен алдап соғудың әртүрлі түрлері туралы білуі, оларды анықтау және алдын алу үшін ақпаратпен қарулануы тиіс. Ал мұның қатарына жеке ақпаратты желіде бейтаныс адамдармен бөліспеу және мемлекеттік шенеуніктердің атын жамылған адамдар жасаған мәлімдемелердің шынайылығын тексеру сияқты негізгі ережелер кіреді.
Жексеков алаяқтық әрекеттердің бірнеше мысалын келтіріп өтті. Айтуынша, қазір көп таралған алаяқтықтың түрі – романтикалық афера. Мұнда алаяқ желіде жалған тұлғаны жасап шығарып, жәбірленушімен романтикалық қарым-қатынас жасайды. Содан кейін олар "сүйіктісіне" жету үшін медициналық шығындар немесе жол ақысы сияқты көмекке ақша сұрайды. Жәбірленуші ақшаны жіберген соң, алаяқ ізім-ғайым жоқ болады.
Тағы да кең таралған әрекеттің бір түрі – инвестициялық афера. Мұнда алаяқтар адамдарға инвестициядан жоғары пайда әкелетініне сендіреді. Олар адамдарды жылдам пайдаға қол жеткізуге уәде беріп, үлкен ақша салуға мәжбүрлейді. Дегенмен, инвестициялар көбінесе алаяқтық сипатта болып келетіндіктен алаяқтар да тез ізін суытады.
"Бұл елімізде және әлемде көп тараған алаяқтық түрлерінің бірнеше мысалдары ғана. Жеке ақпаратпен бөліскенде немесе жақсы танымайтын адамға ақша жіберген кезде әрқашан абай болу маңызды. Егер "бұл не деген батпанқұйрық" деген ой келсе, бұл шынымен де солай болуы ықтимал", - деп қосты Әнуар Жексеков.
Әділет департаментінің өкілі алаяқтардан қорғану үшін өз ақыл-кеңесімен бөлісті. Алаяқтар көбінесе сенімге кіру үшін өздерін беделді ұйым өкілі немесе беделді адам етіп таныстыратынын айтқан ол хабарламалар мен қоңырауларды қабылдағанда абай болуға шақырады.
"Жеке ақпаратпен бөліспеңіз. Банк шотының деректері немесе құпия сөздер сияқты құпия ақпаратты ешқашан ешкіммен бөліспеңіз. Ғаламторда сатып алу немесе банктік қызмет көрсету кезінде қауіпсіз веб-сайт пен сенімді желіні пайдаланып жатқаныңызға көз жеткізіңіз. Алаяқтар ескірген бағдарламалық құралдың осал тұстарын пайдалана алады, сондықтан компьютер мен смартфондағы соңғы бағдарламалық құралдарын жаңартып отырыңыз. Кез келген ақшаны инвестицияламас бұрын әрқашан зерттеу жүргізіп, инвестициялық компанияның немесе жеке тұлғаның заңдылығын тексеріп алыңыз. Өз түйсігіңізге сеніңіз. Шешім қабылдауға асықпаңыз және алдымен дереккөзді тексермей, құпия ақпаратты бөліспеңіз", - деп түсіндірді ол.
Есіңізде болсын, алаяқтардың құрбаны болғаннан гөрі сәл ғана уақыт арнап, хабарламаны немесе қоңырауды тексеріп алу әлдеқайда дұрыс, дейді департамент өкілі.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
