Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда музыкалық топтың әншісі есірткі тұтынып, жол ережесін бұзғаны үшін сотталды

Алматыда музыкалық топтың солисті есірткіге мас күйінде көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы қаласы Полиция департаментінің анықтау басқармасы көлікті есірткі әсерінде басқарған азамат Мұрат А-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқталды. 

“Тергеу барысында анықталғандай, өткен жылдың қыркүйек айында елордалық полицейлер азамат Мұрат А-ны мас күйінде көлік жүргізіп жатқан жерінде ұстаған. Кейін сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Алайда, өзіне тиісті қорытынды жасамаған ол, ағымдағы жылдың 6 тамызында тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеру кезінде оның есірткі затын пайдаланғаны анықталды. Сол күні азамат Мұратқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды”,- деді Алматы қалалық полиция департаменті Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.



28 қыркүйекте Бостандық ауданы сотының үкімімен А.Мұрат ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік айдау құқығынан айыру мен бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі қамау мекемесінде өтейтін болады.

Естеріңізге сала кетейін, жыл басынан бері тергеушілер аяқтаған қылмыстық істер бойынша, сот үкімімен 95 адам көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған. Олжас Шәріпов азаматтарға жол-көлік ережесін бұзғандарға жазаның қатаң екенін ескертті.  

Талқылау