Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мектеп оқушысы өзін немере ағасы зорлап келгенін айтып шағымданды

Алматыда мектеп оқушысы немере ағасының зорлағанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Ұзақ уақыт бойы сексуалдық зорлыққа ұшыраған бала туралы президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның "One-Stop-Service - Бір қадам" жобасының жетекшісі Айман Умарова айтты. Оның айтуынша, жәбірленуші 19 ақпан күні қорға жүгінген, себебі полицияға жасаған арыздары нәтиже бермеген.

"Баланың айтуынша, әкесі көз жұмғаннан кейін оны әкесінің туған бауыры анасының қолынан алып, өз отбасында тәрбиелеуге шешім қабылдаған. Себебі анасы үш баланы – жәбірленушіні және екі әпкесін жалғыз өзі өсіре алмайды деп есептеген. Бала 11 жасқа толғанда, ағасының ұлы оған зорлық-зомбылық көрсете бастаған. Бұл жағдай шамамен үш жылға созылған. Бала қорқып, ешкімге тіс жармаған, бірақ ақыры қорлыққа шыдамай, әпкесіне қашып барып, барлығын айтып берген", – дейді Айман Омарова.



Омарованың айтуынша, әпкесі баланы ертіп, полицияға арыз жазуға барған. Алайда белгісіз себептермен олардың арызы қабылданбаған.

"Кейіннен арыз қабылданса да, тергеу барысында көптеген заң бұзушылықтар орын алған. Кәмелетке толмаған жәбірленуші психолог пен адвокаттың қатысуынсыз сұраққа алынған. Тергеуші оған қысым көрсетіп, бәрін өзі ойлап тапты деп сендірмек болған. Сонымен қатар полицияға ағасының туыстары келіп, оған психологиялық қысым жасаған", – дейді Айман Омарова.

Полиция департаменті аталмыш ақпаратқа қатысты пікір білдірді. 

"19 ақпанда Алматы облысының тұрғыны кәмелетке толмаған інісіне қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері туралы хабарлп, Жетісу аудандық полиция басқармасына арызбен жүгінді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімнің туысы полицияға жеткізілді, оның қатысуымен тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген хабарламада. 

Полиция сотқа дейінгі тергеу барысында сот-медициналық сараптама тағайындалғанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Таразда 15 жастағы қызды жездесі бір жыл бойы зорлап келгені туралы жазған едік.

Талқылау