Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы мектептердің бірінде іс-шара оқушылардың улануымен аяқталды

Фото_depositphotos түтін шығып оқушылар уландыФото: depositphotos.com

Алматыдағы №199 гимназияда өткен мәдени іс-шара кезінде қолданылған сахналық түтін генераторы бірнеше оқушының улануына себеп болды. 12 жастағы 6 бала ауруханаға жеткізіліп, жағдайлары орташа ауыр деп бағаланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

9 ақпанда Алматыдағы №199 мамандандырылған гимназияның акт залында мәдени іс-шара өткізу кезінде сахналық түтін генераторы қолданылған. Оны пайдаланғаннан кейін бірнеше оқушы жөтеліп, көздерінің жас ағуы сияқты жайсыздық белгілерін сезінген.

"Балаларды медициналық қызметкер тексеріп, жедел жәрдем шақырылды. Алматы қаласының балаларға арналған жедел медициналық көмек орталығына 12 жастағы 6 бала жеткізілді, оларда “құрғақ тұманнан” жедел улану белгілері анықталды. Бәрі профильді токсикология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары орташа ауыр, тұрақты. Қажетті ем толық көлемде жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Алматы білім басқармасы.

Оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Жабдықты пайдалануға жол берген педагог тәртіптік жауапқа тартылды.
Сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығының мамандары ауа сынамаларына зертханалық зерттеу жүргізгені хабарланды. Зерттеу нәтижелері қосымша жарияланады.



Еске салайық, бұған дейік Атырауда үш адам газдан уланып қайтыс болғанын жазған едік. Алдын ала мәлімет бойынша үш адамның өліміне табиғи газбен жұмыс істеген жылыту пешінде тартудың болмауы себеп болған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 16:27