Алматыда мас күйінде жасөспірімді пышақтап кеткен ер адам сотталды
Алматыда мамыр айында мас күйінде жасөспірімді пышақтап кеткен ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
2024 жылы 15 мамырда Түрксіб ауданында ішімдікке тойып алған ер адам 15 жасар жасөспірімді үй маңайында досымен бірге мопед мініп жүргені үшін пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер баланың жолы болғанын, оның сан артериясы мен маңызды мүшелері зақымданбағанын айтты.
Баланың сыныптастары қаскүнемді полициядан қашып кетпесі үшін үйінің жанында бақылап, ұстауға көмектескен. Бірақ полиция ер адамды ұстамай, үйіне жіберген.
Аталған жағдайға қатысты "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қыркүйек айында қылмыстық іс толығымен әкімшілік іске айналды. Мұндай жағдайда күдікті 55 мың теңге айыппұлмен құтылып кетуі мүмкін еді. Сондықтан жәбірленушінің отбасы істі қайта қарауды талап етті.
Осылайша айыпталушы "Бұзақылық" бабы бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол жәбірленушінің отбасына бір миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап, бес миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кетті деп айыпталғанын жаздық. Нәтижесінде Сабыржан Зариповқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілген еді.