Алматыда L-Capital қаржы ұйымының ісі тергеуге қайтарылғанына жәбірленушілер наразылық білдірді
Алматыда L-Capital қаржы ұйымына қатысты іс сотқа жеткенімен, кері қайта қайтарылған. Алданған жәбірленушілер шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
L-Capital-ға қатысты тергеу аяқталып, енді сот басталуы керек еді. Алайда судья қосымша тергеу қажет деп, прокуратураға істі қайтарған.
Бұл ұйымға алданған жәбірленушілердің саны мыңнан асады. Жалпы шығын – 7 миллиард теңге.
L-Capital-ға алдандым дегендердің бірі – Күлажар Тасымова. Бірнеше жыл бұрын ол өзінің және қыздарының пәтерін сатып, осы қаржы ұйымына 400 мың доллар (190 миллион теңге) құйған. Ұйым оған 30 пайыз дивиденд пен тұз зауытын аласыз деп уәде еткен.
“Бізде тауық фабрикасы, тұз зауыты бар деп мақтанған. "Халық банкіден" ол жерде үй салып жатырмыз, сол жерден бәріміз үй аламыз деді. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Ай сайын ақша төлейміз. Пәтерақысы келгенде, қиналып, бір-бірімізбен сөзге келіп қаламыз. Зейнетақым 150 мың теңге, күйеуімдікі 100 мың, тамаққа жетпейді”, – деді жәбірленуші Күлажар Тасымова.
Былтыр алданғандар тергеудің ұзақ созылғанына наразылық білдіріп, прокуратураның алдына жиналған. Кінәлілер жазасын алып, құйған ақшасын қайтарсын деген талабын қойды.
“Сот қайта-қайта істі тергеуге кері қайтарып жатыр. Себептері түсініксіз. Айыптау актілері, тағы бір нәрселер жетіспейді дейді. Болмашы нәрсеге шүйлігіп жатыр”, – деді жәбірленуші Индира Батырбекова.
Соттың істі кері қайтаруына байланысты қалалық прокуратура шағым жазғанын жеткізді.
Аталған іс 9 қазанда Бостандық ауданы сотымен қала прокуратурасына қылмыстық процестік кодекстің 323-бабына сәйкес қайта жолданды. Бірақ қала прокуратурасымен 20 қазан аталған сот қаулысына өзіміздің қадағалау актімізді енгізіп, сот қаулысымен келіспейтінімізді жолдадық”, – деп мәлімдеді Алматы прокуратурасының ресми өкілі Нұрсұлтан Жиделбай.
Қалалық сот прокуратураның жолдаған қаулысын қанағаттандырса, онда отырыс жақын арада басталады. Даулы істе 12 адам күдікті деп танылған.