Алматыда құрылыс салушылар үлескерлерді 2,5 миллиард теңгеге алдап кеткен
Алматыда құрылыс компаниясының басшыларының қатысуымен алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеуі аяқталды. Іс азаматтардың ұжымдық шағымы бойынша басталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Бас прокуратураның мәліметінше, компания басшылығы тұрғын үй кешендерінің құрылысына рұқсат құжаттарынсыз және үлескерлердің қаражатын тарту құқығынсыз 2022-2023 жылдар аралығында үш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату сылтауымен азаматтардың ақшасын алдау жолымен жымқырғаны анықталды.
Аталған іс бойынша 312 адам жәбірленуші деп танылып, жалпы шығын 2,5 миллиард теңгеден асқан. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрт басшысы ұсталып, қазір қамауда отыр.
Тергеп-тексеру шеңберінде жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіру қамтамасыз етілді. Ал қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Алматы прокуратурасы азаматтарға құрылыс компанияларымен келісімшартқа түсудің алдында мұқият тексеріп, тек ресми құжаттар негізінде ғана қаражат салу қажет екенін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте алаяқтар үйсіз жүргендердің атына 22 миллион 800 мың теңге несие рәсімдегенін жазған едік. Қылмыстық топ қаржы компаниясынан алаяқтық жолмен 22 миллион 800 мың теңге қарыз алған. Қадағалау органының өкілдері қылмыстық топтың 2021 жылдан бері алаяқтықпен айналысып келгенін айтады. Бес күдіктіге қатысты алаяқтық бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал қаржы компаниясы міндеттеріне салғырттық танытқаны үшін жауапқа тартылады.