Алматыда құлағы нашар еститін таксисті мазақ қылған блогер полицияға жеткізілді
Фото: Видеодан скрин
Алматыда құлағы нашар еститін жүргізушіні мазақтап, видеоға түсірген әйелдің кім екені анықталып, полиция бөлімшесіне шақырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өз әрекеті үшін сынға ұшыраған Нұрила Аманбаева Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция бөліміне шақырылды. Естуінде ақауы бар жүргізушімен орынсыз әзілдескен видеоролик желіде үлкен резонанс тудырды. 63 мыңнан астам оқырманы бар блогер бұл әрекеті үшін кешірім сұрап, видеоны өшірді.
“Нұрила Аманбаеваға қатысты профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ол өз кінәсін мойындап, өз ісіне өкінеді. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желі қолданушыларын жариялаған контентке жауапкершілікпен қарауға және мораль мен құрмет нормаларын бұзбауға шақырды”, – деп мәлімдеді полция.
Блогердің өзі такси жүргізушісінің отбасымен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп, олардан кешірім сұрағанын айтты.
“Бізді полицияға шақырды, болған жағдай туралы бар ақпаратты бердік. Мәселені шешу үшін жауапкершіліктен қашқан жоқпыз. Біз ақымақтық жасағанымызды түсінеміз. Қоқан-лоқы көрсетіп, ұлымызға өлім тілегеніне қарамастан, біз кешірім сұрағанымызды жариялап, желі қолданушыларының пікір жазуына шектеу қойған жоқпыз”, – деп ақталды блогер.
Фото: Жазбадан скрин
Жүргізушінің отбасы суреттер мен жеке бастарын құпияда сақтауды жөн көрді. Осылайша, екі тарап келісімге келген.
Желі қолданушыларының бірі блогерге қолдау білдірсе, енді бірі жерден алып, жерге салды.
“Жаман пікір жазғандар, сендердің айыпты адамнан еш айырмашылықтарың жоқ”, “Әркім өз ісіне жауап береді”, “Неге сонша қатыгезсіңдер, қате жасап үйренеміз ғой”, “Кешірім сұрағаның міндет қой”, “15 тәулікке қамау керек”, “Адамшылық жоқ”, “Біз” дей бермей, жауапкершілікті өзіңе алсаңшы”, “Қара бет”, “Сен видеоны түсіре сала жариялаған жоқсың ғой. Қанша уақыт оны монтаждадың… Бірнеше рет көрдің”, “Масқара”, – деп жазды желі қолданушылары.
Еске салайық, бұған дейін құлағы нашар еститін таксисті мазақ қылған қазақстандық блогер сынға ұшыраған еді.

Қазақ баласы Испанияда футбол ойнап жүр: Ерлі-зайыпты ұлының арманы үшін елін қалай тастап кеткенін айтып берді
