Алматыда көшеде ер адамның қызды ұрып-соққан видеосы желіде тарады (видео)
Желіде ер адамның қызды ұрып-соғып, үстіне сұйықтық құйып жатқан видеосы тарады. Полиция бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Оқиға 30 қазан күні сағат 01:20 шамасында Алматы қаласы, Жетісу-2 шағын ауданында болған.
Видео авторы ер адамды жазалауды сұрайды.
"Сағат 01:20 шамасында Жетісу-2 шағынауданы, 35 үйдің ауласында ер адам қызды ұрып жатыр. Қызды ұрып-соғатын осындай хайуанды тауып, жазалауды сұраймын! Бұл не деген бассыздық, онымен қоса қоғамдық тыныштықты бұзып, қатты айқайлап, тұрғындарды оятып жатыр", – делінген видеода.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факт бойынша Әуезов ауданының полиция басқармасы тексеру жүргізгенін мәлімдеді.
"Оқиғаға қатысты тұлғалар анықталды. Қыз арыз жазудан бас тартты, ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Соған қарамастан 33 жастағы А. есімді азамат "Ұсақ бұзақылық" және "Қоғамдық орынды ластау" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД.