Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көпірдің ортасы 15 сантиметрге ашылып кеткен": Алматы әкімдігі жүргізушілердің шағымына жауап берді

Алматы әкімдігі Райымбек даңғылының бойындағы көпірдің ортасы ашылып кеткеніне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Желіде Райымбек көшелеріндегі жол өткелдерінің бірінде пайда болған жарықшақ түсірілген видео жарияланды. Автордың айтуынша, саңылау шамамен 15-20 сантиметрге жетеді.

Алматы әкімдігі бұл эстакада бойындағы тігісті жөндеу 2024 жылға жоспарланғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдері бұл жолға шектеу енгізуге негіз жоқ екенін айтты.

"Қазақ промтранспроект" ЖШС мамандарымен бірге көшелерді араладық. Визуалды тексеру кезінде ауа райының әсерінен саңылау ұлғайғаны анықталды. Алайда бұл көпірді қолдануға кедергі келтірмейтін, қалыпты жағдай деп саналады. Қыс мезгілінде бетон конструкциялары сығылғандықтан, саңылау кеңейеді, ал жазда керісінше болады", – делінген хабарламада.

Жүргізушілерге эстакадада белгіленген жылдамдықты – 40 км/сағ ұстануға кеңес берілді. Қосымша ақпарат сарапшылардың қорытындысынан кейін ұсынылады. 

Талқылау