Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көлік жолақтарын тарылту жоспарлануда

Алматыда жолдардағы көлік жолақтарын тарылтпақшы. Мұны қалалық ұтқырлық басқармасының басшысы Сағындық Телібаев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Телібаевтың айтуынша, Алматыда қалалық көлік саласында алдағы жылдары шешімін табуы тиіс негізгі үш мәселе бар:

  • бағыттарды оңтайландыру,
  • автобустар мен троллейбустар үшін толық инфрақұрылым жасау,
  • қоғамдық көліктердің жұмысы қызған уақытта үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Ведомство басшысы қоғамдық көліктер үшін арнайы жолақтар жасау үшін қазақстандық нормалар алты жолақты талап ететінін, ал бұл қаланың тар көшелерінде мүмкін емесін атап өтті.

"Алматы үшін арнайы техникалық шарттарды әзірлеп жатырмыз, сол үшін бір жолақтың енін азайтуды ұсынамыз.  Қазіргі уақытта оның ені – жеңіл көліктер үшін 3,5 метр, қоғамдық көліктер үшін 4 метр. Көптеген елдерде , жолақтардың көлемі – 2,7 және 3,1 метр. Біздің қала үшін де дәл осындай параметрлерді қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді Телібаев.

Райымбек даңғылы бойындағы жедел транзит (BRT) жобасына да ерекше назар аударылуда. Қоғамдық көліктерге толықтай екі жолақ (жолдың әр жағында бір) беру, автобустарға басымдық беру үшін арнайы бағдаршамдар мен бақыланатын жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату жоспарлануда. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған.

Талқылау