Алматыда қоғамдық орында түкіргендерге 433 мың теңге айыппұл салынды
Алматыда қоғамдық орындарда түкірген 70-тен астам адамға айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзабаев мәлімдеді.
“Жыл басынан бері “102” қосымшасы арқылы азаматтар 10 мыңға жуық хабарлама жолдаған. Ең жиі кездесетіні – адамдардың қоғамдық орындарда түкіруі. Алматыда полицейлер 11-15 қыркүйек аралығында қоғамдық орындарды ластаудың 257 дерегін анықтаса, оның 71-і – көшеге түкіргендер. Айыппұл сомасы 433 мың теңгені құрады”, – деді Ержан Ұзабаев.
Жергілікті полиция қызметінің басшысының айтуынша, қоғамдық орындарда түкіргендер ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабымен жазаланады.
“Ұсақ бұзақылықпен ұштасқан санитарлық нормаларды бұзу – осы құқық бұзушылықтарды жасаған жекелеген азаматтардың қоғамдық орындарда тәрбиесі мен өзін-өзі ұстау мәдениетінің төмендігінің жемісі саналады. Сонымен қатар қоғамды сыйламаушылық пен қоршаған ортаға менсінбеушілік танытады. Бұзушылыққа жол берген адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады”, – деді Ұзабаев.