Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қызмет барысында жарақат алып, төсекке танылған әскери қызметкер қараусыз қалған

Алматыда төсекке танылған әскери қызметкердің жақындары аурухананы бастарына көтерді. Сөздерінше, қызмет барысында денсаулығына зиян келген Әдіхан Маралов қараусыз қалыпты. Ал әскери бөлімнің қызметкерлері бар кінәні ер азаматтың өзіне іліпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Осыдан екі апта бұрын Мараловтың үстіне көлікжайдың ауыр қақпасы құлап, омыртқасына зақым келген. Оқиғаға байланысты 61993 әскери бөлімінде тексерістер жүргізіліп кетіпті. 

Туыстары оқыс жағдай болғаннан кейін әділдік таба алмай келеміз деп шырылдайды. Бұған себеп әскери бөлімнің басшылығы кешірім сұрамақ түгілі, мекеме маңына да кіргізбейтін көрінеді. 

"Әскери бөлімде жұмыс жасап, осындай болды. Адамгершілік тұрғысынан командирлер неге жауап бермей жатыр? Кеше де келдім. Жауап беретін адам «анда кетті, мында кетті» дейді. Енді кім жауап береді? Бір адам мүгедек болып қалды. Бір отбасыны асырап отырған әлі жапжас жігіт. Оның отбасын енді кім асырайды?", - деді Ә. Мараловтың туысы Сәбира Дәуренбекова.

Маралов әскери бөлімде кіші сержант болып, қызмет атқарады екен. Ал үстіне ауыр қақпа құлағаннан соң ол тұра алмай, төсек тартып қалыпты. Жақындары оған аз дегенде жарты жыл дұрыс күтім керек екендігін жеткізді. Бұған қоса олар ер азаматтың еміне кететін шығынды қорғаныс министрлігі мойнына алсын деп қосты. 

"Менің жолдасыма көмек ретінде еміне көмектессін. Және де барлық шығындарды төлеп берсін. Бұл жағдай жұмыс уақытында орын алды, менің есігімнің алдында қақпа құлаған жоқ. Және де қауіпсіздік техникасына жауап беретін кісілер жазаланып, басын алып қашып отырған басшыларға әділ жаза талап етемін", - деді Ә. Мараловтың жұбайы Береке Бірлікқызы.

Қазір арнайы комиссия істің мән-жайын анықтауға кірісіпті. Ал әскери бөлімде денсаттық-шабуылдаушы әскерлерінің командирі әскери қызметкерге көңіл бөлінетіндігін айтып, сендіруге тырысты. 

"Осы мәліметтер бойынша әскери полиция қызметтік тексеріс өткізіп жатыр. Нәтижесі кейін белгілі болады. Ол әскери адам болған соң, дәрідәрмектері тегін болады. Ол бокстың қақпасы. Ескі еместігін айта алмаймын", -мәлімдеді 61993 әскери бөлімінің командирі Бегімбет Тәжібаев.

Қызмет барысында жарақаттанған Әдіхан Маралов әскери госпитальде ем қабылдау үстінде. Ал дәрігерлер болса оның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ екендігін жеткізді. Дегенмен қызметкердің қайта жұмысына оралуын арнайы комиссия анықтайтын болады.

STAN.KZ
Жұма, 20 Желтоқсан, 2019 13:19
Талқылау