Алматыда эконом кластағы үйлерді салуға тыйым салынады
Алматы әкімі Ерболат Досаев эконом-класс санатындағы тұрғын үйлерді және кейбір аудандарда биік ғимараттарды салуға тыйым салынатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, жыл соңына дейін Алматы қаласының мәслихаты жаңа қала құрылысы регламенті мен құрылыс ережелерін бекітуге тиіс.
"Қалада III класстан төмен тұрғын үйлер салынбайды. Барлық тұрғын үй аудандарында және аулалық аумақтарда ғимараттарды нүктелік орналастыру мүмкін болмайды. Жаңа ережелерге сәйкес Алматы қаласында эконом класс санатындағы тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады. Krisha.kz сайтының мәліметінше, енді бір бөлмелі пәтердің ең аз ауданы 35 шаршы метр болуы керек. Екі бөлмелі пәтердің ауданы кем дегенде 55 шаршы метр, ал үш бөлмелі пәтердің ауданы 68 шаршы метр болуға тиіс. Жаңа пәтерлердегі төбенің биіктігі 2,7 метрден төмен болмауы қажет. Сонымен қатар әр пәтерде міндетті түрде балкон немесе лоджия болуы шарт, ал ғимараттардың өзінде бір көлікке арналған тұрақ орны қарастырылуы керек", –деді Ерболат Досаев.
Абай мен әл-Фараби даңғылдарының аралығында ерекше жобалардан басқа, тоғыз қабаттан жоғары ғимараттар салуға тыйым салынады дейді әкім. Сондай-ақ тұрғын үйлерді тауға жақын аумақтарда, жасыл аймақтарда және аулалардың ішінде салуға болмайды.
Бұдан бөлек, Шығыс айналма жолы, Әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінің оңтүстігінде тау етектерінде, соның ішінде 15 градус немесе одан да көп тік еңістігі бар жерлерде құрылыс жүргізуге тыйым салынады.
"Егер мәслихат жаңа қала құрылысы регламенті мен құрылыс ережелерін бекітсе, біз қаладағы негізгі жұмыс шарттарын біржола бекітеміз және қазіргі уақытта реттеу аймағынан тыс қалған жеке тұлғалар мәселесін шешеміз. Олар тауларды кесіп, жаңа үйлер салып жатыр. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігі үшін маңызды", – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Жаңа ережелер қабылданған жағдайда, олар 2025 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда саяжай үйлерінің құрылысына қатысты жаңа ережелер енгізілді. Енді олардың ауданы 50 шаршы метрден аспауы керек, ал мұндай үйлерде тек маусымдық тұруға рұқсат етіледі. Индустрия және құрылыс министрлігі бұл талаптардың 2024 жылға дейін салынған үйлерге әсер етпейтінін мәлімдеді. Алайда, экономист Әнуар Нұртазин бұл нормаларды азаматтардың құқығын шектеу деп есептейді, себебі елде бос жер тапшылығы жоқ. Ережелер 24 мыңнан астам саяжайды қамтыған су тасқынынан кейін қабылданды, бірақ министрлік бұл шешімдердің табиғи апатқа қатысы жоқ екенін айтады.