Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ҚазҰТУ-дың бұрынғы қызметкерлері жатақхананы босатпай отыр

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің №5 жатақханасында оқу орнының қызметкерлері тұрып жатқандықтан, бірінші курс студенттері бөлмесіз қалды. Сот оларды жатақханадан шығару туралы шешім шығарғанымен, ол жерден көшер емес екен, деп хабарлайды Stаn.kz ақпарат агенттігі университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

университет «Бір кездері университет басшылығы өз қызметкерлеріне уақытша тұруға жатақхана берген болатын. Бірақ жұмыстан шыққаннан кейін жатақхананы босату керек еді. Әлі күнге дейін неше түрлі сылтаулар тауып, көшпей отыр», – дейді университеттегілер.

Жоғары оқу орнының баспасөз қызметінің айтуынша, бұл жылы осы мәселеге қатысты 16 сот отырысы өтіпті. 

«Жатақхана тұрғындары бұл жерді босатар емес. 21 тамызда бірінші курс стундеттеріне жатақхананың бұрынғы қызметкерлері тұрып жатқан бөлмені босатып беру керек болатын. Бірақ жаулап алушылар ол жерге ешкімді кіргізбей, қоршап алды», – дейді жоғары оқу орнының адамдары.

Осылайша,  250 бірінші курс студенттері университет жатақханасынан орын таба алмаған. Олардың арасында көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларынан шыққандар да бар екен. Бұрынғы қызметкерлер тұрып жатқандықтан жатақханаға жөндеу жұмыстары да жүргізілмей келеді дейді. Өрт қауіпсіздігі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болған көрінеді. 

Сонымен қатар университеттегілердің айтуынша, жатақхананы иемденіп отырған бұрынғы қызметкерлердің тең жартысы пәтер ақысын төлемеген. Қазіргі кезде қарыз 15 миллион теңгеге дейін жетіпті. 

Талқылау