Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда кәсіпкерлер қаңтар оқиғасы кезінде тоналған ломбардтағы алтындарын қайтарып беруді талап етті

Алматыда бір топ кәсіпкер қаңтар оқиғасы кезінде тоналған ломбардтан кепілге қойған зергерлік бұйымдарын ала алмай жүр. Қарыздарын бүгін-ақ соңғы тиынына дейін әкеп беруге әзір, тек ломбард иелері өткізген алтындарын сол қалпы қайтарып берсе дейді. Алайда қарыз беретін ұйым өкілдері арыздарына мардымды жауап ала алмағандарын айтады. Себебі мемлекет көмегінсіз тұтынушылармен есептесе алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

алтын
Бизнесмендер базар маңындағы ломбардқа бірнеше жылдан бері алтындарын кепілге қойып, қарыз алып, қайтарып жүргендерін айтады. Себебі кәсіптерін кеңейтіп, тауар алуға қомақты қаражат қажет болатын кез көп болады екен. Ал қаңтар оқиғасында ломбард тоналыпты. Осылайша айлар бойы үстемақысын төлеп, қаржы түскенде шығарып аламын деген бұйымдарынан айырылған. 

“Осында он кәсіпкер біріктік, негізі санымыз одан да көп. Он кәсіпкердің салған қаржысы 49-50 миллионның төңірегінде”, – дейді кәсіпкер Гүлжан Ұзақбаева.

Мәселен, Данабике осыдан тоғыз ай бұрын салмағы 500 граммдай алтынын ломбардқа салып, 8 миллион теңге қарыз алғанын айтады. Сөзінше, ай сайын кепілді мерзімін созу үшін бір миллионнан астам қаржы құйып отырыпты. 

“Оның үстіндегі пайызын төлегенмін. Қазір сол алтынның бәрі жоқ. Маған алтынымды грамм-граммен берсе, мен сол сәтте қайта сатып алуға дайынмын”, – дейді Данабике Қарақойшы.

Кәсіпкерлер ломбард басшылығы бес айдан бері мәселені ашып айтып, түсіндіруге тырыспады деді. Барса, қабылдамайды. Ломбард өкілдері болса, қашанда тұтынушылардың құқығын қорғауға әзір екенін жеткізді. Бірақ бұл тұста жәбірленуші тарап клиенттер емес, ломбард деп ақталды. Филиалдың Қаңтар оқиғасы кезінде тоналғаны дәлелденген соң құжаттарын жинап, Алматы және Алматы облысы әкімдіктеріне хат жазған. Алайда шағын, орта бизнеске жатпайтындықтан өтемақы берілмейді деген жауап алыпты. 

“Біз – жәбірленуші тараппыз. Өйткені қаржы, яғни микронесиелер клиенттерге берілді. Ал қазір бізде не алтын, не ақша жоқ. Сондықтан компания мемлекет көмегінсіз шығынды өтей алмайды. Бізге салықтық жеңілдік емес, қаржылай берсе, бірден клиенттерді шақырып, есептесеміз. Болмаса, төлем бірнеше жылға созылуы мүмкін”, – деп мәлімдеді "Астра-ломбард" ЖШС директорының орынбасары Ермек Нұртазин. 

Директор орынбасарының айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде залал келген ірі бизнес өкілдеріне өтемақы беру мәселесін депуттар қарап жатыр. Бірақ жәрдем қаржылай емес, салықтық преференция есебінде беріледі екен. Демек кепілге бұйым қойып, қарыз алғандар алтынын ала алмауы мүмкін. Әрі келісімшарт негізінде клиенттерге қарыз айырмасы ғана өтеледі деді ломбард өкілі.

Назархан Уән
Бейсенбі, 09 Маусым, 2022 08:29
Талқылау