Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Матрастармен шығу жолын жауып тастаған": Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сотта прокурор айыптарды оқыды

Алматыда 2023 жылдың қарашасында хостелде өрт шығып, 13 адам қаза тапқан еді. Марқұмдардың қазасына қатысты басты сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

"Ala Hostel" директоры Әділбек Мұхамедияров пен "Гидсервис" компаниясының иесі Александр Пекельникке өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген айып тағылып отыр. 

Прокурордың айтуынша, Александр Пекельник "Гидсервис" компаниясын 2007 жылы тіркеген. Содан кейін дүкенге арналған ғимаратқа өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатуға кіріскен. Лицензиясы мен біліктілігінің жоқтығына қарамастан келісім-шартқа қол қойған. Тергеушілердің айтуынша, оның жұмысын "Куса халық" ЖШС қабылдап, кейін бұл үй жатақхана ретінде жалға берілген.



Прокурор Пекельниктің бірқатар өрескел заңбұзушылықтарға жол бергенін айтты. Мәліметке сәйкес, Пекельник қауіп туралы хабарлайтын дабылды келісім-шартта көрсетілгеннен аз  орнатқан. Сондықтан өрт дабылы жүйесі іске қосылған кезде тиісті дыбысты қамтамасыз етпеген.

Жұмыс аяқталғаннан кейін "Куса Халық" ЖШС орындалған жұмыстарды қабылдап,  "Ala Hostel" ЖШС-не ғимаратты жатақхана ретінде жалға берген. 2023 жылдың қыркүйегінде "Куса халық" ЖШС жатақханамен келісім-шартқа отырған.

Жатақхананы жалға алған Әділбек Мұхамедияров рұқсатсыз қайта жоспарлау жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік ережелерін бұзған. Ол адамдарды жағдайы мүлде жасалмаған жертөлеге орналастырған.

Мамандардың айтуынша, өрт кезіндегі дыбыс сигналдарының деңгейі қажетті мәнге жетпеген және бөлме қажетті өрт қауіпсіздігі құралдарымен жабдықталмаған.

Прокурордың сөзінше, 2023 жылдың 25 қарашасында, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Мұхамедияров жатақхананың дәліздеріне қосымша матрастар қойып, эвакуациялық шығу жолын жауып тастаған. Өрт болған күні жалын осы матрацтар арқылы жайылып, қонақтардың шығуына кедергі келтіріп, 13 адам көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болған.

Александр Пекельниктің адвокаты Карина Сейітқожанованың сөзінше, прокурор айыптаудың қысқаша нұсқасын оқыған кездебірқатар маңызды жайттарды жіберіп алды. Сондай-ақ ол айыпты толық оқып шығуды талап етті. Алайда судья сот процесіне қатысушылардың барлығы айыптау қорытындысын алдын ала алғанын айтып, оның өтінішін қабылдамады.

Пекельниктің өзі кінәсін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Ол өрт қауіпсіздігіне жауапты болып тағайындалмағанын және жатақхананы ұйымдастыруға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, ғимаратта өрт қауіпсіздігі жүйесі 2005 жылдан бері бар. Дегенмен жұмыс істемеген. Пекельник оның компаниясы тұтынушы ұсынған дизайн бойынша сенсорлар мен сымдарды ауыстырып, ескі жүйені ғана жаңартқанын хабарлады.

"Мен жатақхананы ұйымдастыруға қатысқан жоқпын. Тіпті "Ala Hostel" ЖШС-нің бар екенін де білмеймін. Мені жауапты адам етіп тағайындаған бұйрық та болған жоқ. Біз келісімшарт бойынша ғана жұмысымызды орындадық. Жүйені одан әрі пайдалану жауапкершілігі жалға алушыларға жүктеледі”, – деді Пекельник.

Әділбек Мұхамедияровтың адвокатының сөзінше, қорғауындағы адамды пәтер иесі "Куса халық" ЖШС өрт қауіпсіздігінің барлық талаптары орындалғанын айтып сендірген.

“Мұхамедияров үйді екі айға ғана жалға алды. Бір ай жөндеу жұмыстарына, екінші айы жатақхана ретінде пайдалануға беруге кетті. Мехамедияров анықталған заң бұзушылықтар туралы білгеннің өзінде оларды жоюға үлгермейтін еді”, – деді адвокат. 

Судья екі айыпталушының да айғақтарын тыңдап, келесі сот отырысы 28 қазанға белгіленгенін айтты. 

Еске салсақ, 2023 жылы 30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған едік. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. 

Талқылау