Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Халық парламентінің" рұқсат етілмеген митингі өтті: Полиция ескерткенімен, ешкімді ұстап алып кетпеді

9 сәуірде Алматыда "Халық парламентінің" өкілдері митинг өткізіп, мәжіліс және мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар мен өзге де белсенділер сайлау нәтижесін жоюды талап етті. Республика алаңында өткен шараға жиырма шақты адам келді. Полиция келгендерді соңына дейін бақылап тұрды. Жиын басында прокуратура мен әкімдік өкілі шараның заңсыз екенін айтып, халықтың тарауын талап еткенімен ешкімді ұстап алып кетпеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

митинг 9 апрель

Бұған дейін "Халық парламентінің" алғашқы отырысына келушілер 9 сәуірде митинг өткізу туралы шешімге келген. "Қазақстан" қонақ үйінде өткен шараға барлығы 100-ге жуық адам келген еді. Бірақ митингке келгендердің саны әлдеқайда аз болды.

8 сәуір күні бас прокуратура жексенбіде өтетін митингке рұқсат етілмегенін айтып, оған қатысқан азаматтардың жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.

Митинг белгіленген уақыттан бұрын Республика алаңының маңында полиция қызметкерлері тұрды. Сағат 10:30 шамасында алаңда интернет толық өшті.

Бірер минуттардан кейін алаңға белсенділер мен тұрғындар келе бастады. Шерушілерді "Халық парламентінің" өкілдері Рысбек Сәрсенбайұлы мен Мұхтар Тайжан бастап келген. 



Митинг барысында сайлаудағы заңсыздық, биліктің саяси реформалар туралы уәдесін орындамай отырғаны, белсенділерді қудалау, сепаратизммен күрес, қымбатшылық, мемлекет байлығының ұрлануы және өзге мәселелер айтылды. Белсенділер сайлау, саяси партиялар мен бейбіт жиын туралы заңдарды Конституцияға сәйкестендіру қажеттігін айтып, жаңа депутаттар алғашқы қадамын содан бастасын, деді.

Жиналғандарға прокуратура мен әкімдік өкілдері келіп, шараның "заңсыз" екенін ескертті. Рысбек Сәрсенбайұлы "билік бейбіт жиын туралы заңын бұрмалап, азаматтардың бейбіт жиналу құқығын бұзып отырғанын" айтып, "митинг үшін өзі жауап беретінін" жеткізді.

Рұқсат етілмеген митинг шамамен екі сағатқа созылды. Митинг соңында қарар қабылданып, оған бес талап енгізілді. Оны Рысбек Сәрсенбайұлы оқып берді.

"19 наурызда өткен сайлауды заңсыз деп танылсын. "Заңсыздық көп болған" сайлаудың нәтижесінде жасақталған парламент пен ол бекіткен үкіметке сенімсіздік білдірілсін. Алматыда Республика алаңын бейбіт жиын орны ретінде белгіленсін. Саяси тұтқындар босатылсын. Президент Тоқаев кез келген сепаратизмнің түріне тыйым салсын", – деп талап қойды жиналғандар. Қарарды жиналғандар бір ауыздан қолдады.

Жиналғандар митинг соңында естелікке суретке түсіп, Қазақстанның әнұранын орындады. Шараны сырттай полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Митинг аяқталғаннан кейін ұсталғандар туралы ақпарат болмады.

Талқылау