Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Freedom Cloud заманауи деректер орталығының құрылысы басталды

"Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағында Freedom Cloud жаңа деректер орталығының құрылысын салтанатты түрде бастау рәсімі өтті. Жоба елдің технологиялық егемендігін нығайтып, оны жетекші әлемдік IT-компаниялар үшін тартымды етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев жобаның маңыздылығын атап өтті.

“Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтарын салу – заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мұндай нысандар деректерді сенімді сақтап, өңдеуді қамтамасыз етумен қатар, жаһандық ақпараттық экожүйенің ажырамас бөлігіне айналады. Сонымен бірге, ЦОД-тардың дамуы еліміздің IT-нарығының өсуіне серпін беріп, цифрландыру үдерістерін жеделдетуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады”, – деді министр.

Жобаны Freedom Holding Corp. компаниясы жүзеге асыруда. Компанияның бас директоры Тимур Турловтың айтуынша, жаңа деректер орталығы елдің технологиялық ландшафтының ажырамас бөлшегіне айналмақ.

“Біздің міндетіміз – Қазақстан бойынша заманауи, заман талабына сай ЦОД-тар салу. Freedom Cloud – бұл жай ғана техникалық нысан емес. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашатын, IT-компаниялар үшін мүмкіндік жасайтын, еліміздің халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыратын инфрақұрылым, – деді ол.

Freedom Cloud компаниясының бас директоры Темірлан Зиналабдин жобаның сыртқы технологиялық сипатының артында терең философия жатқанын атап өтті.

“Біз бүгін жай ғана ғимараттың емес, Қазақстанның цифрлық болашағының негізін қалап жатырмыз. Бұл деректер орталығы идеяны экспорттауға емес, импорттауға бағытталған. Оның басты мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің деректерін сенімді сақтау, қорғау және қызмет көрсету. Бұл мықты әрі цифрлық тәуелсіз мемлекеттің іргетасы болмақ”, – деді ол.

Жоба аясында жалпы IT-өнімділігі 7,2 МВт болатын 480 серверлік сөре орнату жоспарланған. Бұл – сенімділік пен энергия үнемділігі бойынша ең жоғары халықаралық стандарттарға сай көрсеткіш. Деректер орталығы Еуропа мен Қытай арасындағы транзиттік арнаның бір бөлігіне айналып, елдің одан әрі цифрлық дамуына берік негіз қалайды.

Мемлекет пен жекеменшік сектордың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба бизнеске, инновацияға және халықаралық ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады. Сонымен қатар, ол Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайтып, жаһандық IT-компанияларды тартуға бағытталған.

Талқылау