Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ерекше қажеттілігі барларға жағдай жасамағаны үшін 13 банк жауапқа тартылған

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқықтары бұзылғанын анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

мүгедек

Прокурорлармен кездесу барысында мүгедектер қоғамының өкілдері қаладағы екінші деңгейлі банктердің  бөлімшелеріне жүгіну қолжетімді емес екенін айтты. Ал ерекше адамдар қаржылық қызмет алу үшін банкке жиі келуге мәжбүр.

Прокурорлар қаладағы банктердің бірде-бір бөлімшесі қойылған талаптарға сәйкес емесін анықтады. Банктерде пандус, мнемосхема, арнайы кассалар жоқ, болған күннің өзінде талапқа сай келмейді. 

Алматыда ерекше қажеттілігі бар 50 мыңнан астам адам тұрады.

"Ерекше қажеттілігі барларды әлеуметтік қорғау туралы" заңының 14-бабына сәйкес олар Конституция, басқа да заңнамалық актілерімен бекітілген әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету құқығына ие.

“Ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін Алматы қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті  "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 83-бабы бойынша екінші деңгейлі 13 банкке 9 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапқа тартты”, – деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.

Уәкілетті орган барлық банктерге бұзушылықтарды жою және ерекше адамдар үшін жағдай жасау қажеттігі туралы ұйғарымдар берді. Қазіргі уақытта 8 банк өз бөлімшелерін талапқа сәйкестендіріп үлгерді, қалғандары тиісті шаралар қабылдауда.

Талқылау