Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда элиталы тұрғын үй кешенінің тұрғындары екі аптадан бері ауыз сусыз отыр

Алматыда аптап ыстық кезінде элиталы тұрғын үй кешенінің тұрғындары сусыз отыр. Әзірге пәтерлерде судың қашан берілетіні белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

алматы су

Тұрғындар шығынға батса да, ауыз суды сатып алуға мәжбүр. 

"ХХІ ғасырда тұрып жатсақ та, суға тапсырыс береміз. Әр бөтелкесі 500-600 теңге. Үйде антисанитария десек болады", – дейді қала тұрғыны Лина Коробко. 

Тұрғын үй кешеніне күнделікті су таситын көлік келеді. Алайда оның жұмыс уақытын ешкім білмейді. Салдарынан көпшілігі үйлеріне су алып үлгермейді екен. 

"Көлік аяқ асты келе салады. Жұмыста болғандар су ала алмайды. Қазір мүлдем су жоқ. Кей көшелерде, үйлерде суды кесте бойынша 2-3 сағатқа береді. Үйде төрт балам бар, суды қайдан сатып алатыным мәселеге айналды", – деп қосты Ксения Рогожникова есімді қала тұрғыны. 

Ал Медеу ауданының әкімдігі су тапшылығына таудағы мұздықтардың жаппай еруі себеп болғанын мәлімдеді. Сөздерінше, бұл мәселе бүгінде шешілген. 

"Бүгіннен бастап су береміз. "Зеленая долина" тұрғын үй кешенінің халқына резервуарға су жиналған соң беріледі. Бұл кесте бойынша жүзеге асады. Кешкі 19:00-20:00-ден бастап түнгі 00:00-ге дейін беріледі. Ал 00:00-ден бастап таңға дейін қайта резервуар толтырылады. Таңертең қаланың төменгі бөлігіне, түсте орталыққа, ал түстен кейін жоғарғы бөлігіне беріледі”, – деп мәлімдеді Медеу аудандың әкімдік аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Какитаев. 

Шенділер бұл кестенің уақытша екенін айтады. Мәселе шешілген соң су үздіксіз беріледі. 

Талқылау