Алматыда екі шетелдік қазақ қыздарға қатысты балағат сөз айтқаны үшін қамалды

Алматыда екі шетелдік әлеуметтік желідегі пікірі үшін 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Медеу ауданы полиция басқармасына қарасты бөлімде екі шетел азаматына қатысты әкімшілік іс қозғалды.
"Аталған тұлғалардың әлеуметтік желіде қоғамдық тәртіп нормаларын және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұзатын бейәдеп сөздерге жол бергені анықталды. Материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Сот қарауының нәтижесі бойынша екі құқық бұзушыға да 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды", – делінген полиция хабарламасында.
Қазақ қыздарына қатысты жазба Threads желісінде пайда болды.
Алматы қаласының Полиция департаментінде интернет кеңістігі жауапсыздық аймағы емес екені атап өтілді. Әлеуметтік желілердегі пікірлер мен мінез-құлық қоғамдық орындардағы әрекеттер сияқты дәл сондай құқықтық бағалауға жатады.
Полиция азаматтығына және қарым-қатынас форматына қарамастан, заң талаптарын сақтауды және өзара сыйластықпен сөйлесуді еске салады.