Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Дос-Мұқасан" тобының 55 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр

Алматыда "Алматы түні" деген атаумен "Дос-Мұқасан" тобының 55 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Мұнда сахналық киімдер, музыкалық аспаптар, марапаттар мен концерт афишаларын қоса есептегенде 200-ден аса экспонат қойылған. Сонымен қатар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мұражай кешеніне енетін "Дос-Мұқасан" мұражайынан да құнды жәдігерлер жеткізілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

көрме

Вечерний Алматы басылымының мәліметінше, көрменің ашылу салтанатына "Дос-Мұқасан" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайынов пен Есқайыр Абаханов қатысты. Қалалық мәдениет басқармасының жетекшісі Ғани Майлыбаев қонақтарды топтың мерейтойымен құттықтап, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын оқыды.

Хатта "Дос-Мұқасан" тобының халықтың мақтанышы, ұлттық мәдениеттің шедеврі екені айтылған. 

"Баянауыл сахнасында 55 жыл бұрын басталып, әлемдік деңгейге жеткен шығармашылық жолдарыңыз ерекше әрі сәтті болды. "Дос-Мұқасан" ансамблінің орындауындағы керемет әндер тыңдармандардың жүрегін жаулады. Сіздер отандық эстрада өнерінің дамуына зор үлес қосып, қазақ музыка әлеміндегі айрықша құбылысқа айналдыңыздар. "Дос-Мұқасан" әндерін тыңдап бірнеше буын өсті. Әр жылдары ансамбль құрамында өнер тарихында есімі алтын әріппен жазылған талантты музыканттар еңбек етті. Шығармашылық процесстен қол үзбей, еліміздің экономикалық, өнеркәсіптік, рухани дамуына айтарлықтай үлес қостыңыздар", – делінген хатта. 

Ансамбльдің жетекшісі Мұрат Құсайынов бұл күннің топтың барлық қатысушылары үшін айтулы күн екенін айтты. 

"Алматы – біздің алтын бесігіміз. Біз мұнда білім алдық, оқыдық, мамандық иесі атандық. 1967 жылы біздің ансамбль дүниеге келді. Жыл сайын қала күнін тойлауға қатысамыз. Бүгін Алматы әкімдігінің қолдауымен көрме өтіп отыр. Әрине, көп жәдігерлер, музыкалық аспаптар сақталмады. Менде Америкадан әкелінген керемет гитара бар еді, оны біреудің өтінішімен сыйға тарттым. Бізден үнемі музыкалық аспаптарды, киімдерді сұрайтын, адамдарға сыйлаймыз. Сақтай алған барлық пластинкаларды жинап, осында алып келдік", – деді Мұрат Құсайынов. 

Оның сөзінше, топтың 55 жылдығы аясында үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – көрме. 

"Екіншісі, қазанда Алматы әкімдігінің шешімімен аллея ашылады. Ол біз оқыған Қ.Сәтпаев атындағы техникалық университеттен Масанчи көшесі бойында, Абай көшесіне дейін орналасады. Бұл бізге емес, осындай ансамбльдің болғанын білу үшін өскелең ұрпаққа керек. Үшінші жоба – жақында түсірілген "Дос-Мұқасан" көркем фильмі. Көрсетілімі 29 қыркүйекте басталады. Біз мерейтойымызды үлкен концертпен атап өткіміз келген, бірақ оны ұйымдастыру үшін қалалық әкімдіктің қолдауы керек. Осындай концертті өткізу мүмкін болады деп сенеміз", – деп қосты ол. 

"Дос-Мұқасан" тобы тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де танымал. Мәселен, ансамбльді Қырғызстан астанасы Бішкекте концерт өткізу үшін шақырған. 

Satpaev University әлеуметтік-мәдени дамуы бойынша проректор Мансұр Әлімханов “Дос-Мұқасан” тобының тарихы университет тарихымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сөзінше, тәрбие жұмыстары бойынша шаралардың ешбірі топтың әндерінсіз өтпейді. 

“Дос-Мұқасанның” біздің политехте құрылғанына қуаныштымыз және қазанда біз топтың 55 жылдығына орай студенттер арасында республикалық фестиваль өткізетінімізді хабарлағым келеді”, – деді ол.

Талқылау