Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда дау болған "Бағанашыл" балалар үйі бұзылып жатыр: Әкімдік себебін түсіндірді

Фото: airpres.kz

Алматыда тұрғындар "Бағанашыл" балалар үйі бұзылып жатқанын жеткізді. Айтуларынша, мекеме аумағындағы бір ғимарат сүрілген, ал екіншісінің терезелері сынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы тұрғынының айтуынша, балалар үйінің аумағындағы ғимарат сүрілген.

"Мұнда бәрін қиратып тастаған. Анау мықты, жақсы ғимараттың да терезелерін сындырып тастаған. Оны да бұзып жатыр. Ал мына жерде, шыршалардың жанында, бұрын ғимарат болған – қазір жоқ, сүріп тастаған", – дейді ол.

Ал Алматы қалалық білім басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың 13 қазанында "Integra Construction" ЖШС мен қалалық құрылыс басқармасы арасында жаңа нысанды жобалау бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.

"Техникалық тексеріс нәтижесінде әкімшілік және оқу корпустары, спорт және акт залы ғимараттарын сейсмикалық тұрғыдан күшейту мүмкін емес екені анықталды. Сондықтан оларды бұзу туралы шешім қабылданды. Қазір бұл ғимараттарды демонтаждау жұмыстары толық аяқталды", – делінген хабарламада.



Жобаға сәйкес, жатын корпус қайта жөнделеді, сондай-ақ жаңа оқу, спорт, әкімшілік ғимараттар мен асхана салынады. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – осы жылдың төртінші тоқсаны.

Әкімдік мәліметінше, балалар Алматыда қалған. Олар өткен жылдың тамыз айында арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына көшірілген. Қазір де сол жерде тұрып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті. 

Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 09:38