Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда даңғылдардың біріне БРТ салынбақ: Көлік жүргізушілер бастамаға қарсы шықты

Алматыда автобусқа басымдық беретін БРТ жолдарды көбейту жоспарланып отыр. Биыл Райымбек даңғылында құрылыс басталады. Бұған көлік жүргізушілер наразы. Олар кептеліс одан сайын көбейеді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматының Райымбек даңғылына салынатын БРТ-ның ұзындығы – 17 шақырым. Оның 9 километрін биыл Пушкин мен осы Ахрименко көшелерінің аралығында салу көзделіп отыр. Бұл автобусқа қолайлы болғанымен, қарапайым көліктердің қозғалысын тежеуі мүмкін.

Автобусқа басымдық беретін жобаның Райымбек даңғылында іске қосылғанын жүргізушілер құптамайды. Жоспарды қайта қарауды талап етеді. Олардың пікірінше, демалыс күндері де кептелістен босамайтын бұл жолға БРТ түссе, қалада қозғалыс болмайды.

Алматыдағы алғашқы БРТ 2017 жылы пайда болған. Жоба әуелі Мустафин, кейін Тимирязев көшесінде іске асты. Онда аялдамалар мен автобус жолағы ортаға көшіріліп, жеңіл көліктерге жолдың жиегімен жүруге ғана рұқсат берілді. Соның салдарынан кептеліс көбейіп, Тимирязев көп жүргізуші барынша айналып өтуге тырысатын көшеге айналды. Алайда Алматыбасжоспар өкілінің айтуынша, Райымбек даңғылындағы БРТ басқаша болмақ.

“Ерекшелігі – мұнда жол аралас болады. Бір жағы – қазіргі автобустар жүріп жатқан оң жақ шет, яғни автобус жолағы жолдың шеті болады. Ал Әуезов көшесі мен Өтеген батыр көшесінің арасы, Сейфуллин даңғылы мен Пушкин көшесінің арасында жолдың ортасымен жүреді. Тимирязев көшесіндегідей”, – деді “Алматыбасжоспар” ҒЗИ ЖШС бөлім басшысы Жанат Айтілеу.

Райымбек даңғылындағы БРТ-ны осылай аралас қылудың нәтижесінде мамандар кептеліс болмайды деген пікірде. Ал урбанист бұл оймен келіспейді. Мұндай шешім, керісінше, автобус қозғалысын тежейді дейді.

“Билік осындай қоғамдық көлікті дамытуға, тіпті осындай БРТ желісін дамытуға нақты шешімдер жасап отырған жоқ. Қалай болса да, қаладағы кептеліс мәселесін шешкіміз келсе, біз не десе де адамдарды қоғамдық көлікке мінгізуіміз керек деп тұр”, – дейді сарапшы Диас Маратұлы.

Жауапты мамандар Райымбек даңғылындағы арнайы автобус жолағының құрылысын жылдың екінші жартысында бастауға ниетті. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оның басты мақсаты – қалаға қатынайтын азаматтарды қоғамдық көлікпен жүруге үйрету.

Айта кетсек, бүгінде Алматыдағы 800 мыңнан астам көліктің 300 мыңға жуығы елді мекендерден келеді.

Талқылау