Алматыда дәмханалардың бірінде төбелес шығарған шетелдіктер Қазақстанға 5 жыл кіре алмайды
Сенат депутаты, Ішкі істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Марат Қожаев Алматыдағы дәмханалардың бірінде шетелдік студенттер арасында топтық төбелес шыққан оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде жаңа жыл түні Көктөбедегі дәмханалардың бірінде болған төбелестің видеосы тарады. Кадрлардан бірнеше жігіттің орындық, таяқ тіпті үстелдерді пайдаланып, бір-бірін ұрып-соғып жатқанын байқауға болады.
Қожаевтың айтуынша, студенттерді елден шығару туралы шешім заң талаптарына сәйкес қабылданған.
"Еліміздегі кез келген шетелдік азамат біздің заңымызды, тәртібімізді, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді құрметтеп, өзін қалай ұстау керегін білуі қажет. Бұл – жалпы қабылданған әлемдік тәжірибе. Басқа елде жүргенде заңды сақта, оған бағынуға тырыс, – деді Қожаев.
Сондай-ақ сенатор заң бұзған шетелдіктер 5 жыл бойы Қазақстанға орала алмайтынын айтты.
"Бұл жағдайда қоғамдық орында бір-бірінің денсаулығына зиян келтіру қаупі бар заң өрескел бұзылып отыр. Сондықтан біздің заңымызда мұндай жағдайда шетелдіктер депортацияланады. Олардың мұнда заңды түрде оқуына рұқсат беретін құжаттары жойылды”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін шетелдік студенттер арасында жанжал шығып, оның соңы жаппай төбелеске ұласқаны туралы жазған едік. Кейіннен шетелдік студенттердің депортацияланатыны анықталды.