Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұрғындар "Bazis-A" құрылыс компаниясын құстардың жаппай қырылуына байланысты айыптады (видео)

Әлеуметтік желіде Алматы қаласының тұрғындары көпқабатты ғимараттардың кесірінен торғайлардың қырылып жатқанын айтып шағымданды. Сөздерінше, ғимаратта шыны көп қолданылғандықтан, құстар соғылып қалады екен. Ал "Bazis-A" құрылыс компаниясы бұған қатысты еш шара қабылдамаған, тіпті құрылыс кезінде мұны ескермегенін де алға тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

торғайлар

Азамат Құсман есімді желі қолданушысы видео жариялап, жерде жатқан құстарды санап шыққан. 

"28, 29 құс жатыр. Біреуін сауысқан алып кетті. Тағы да біреуі құлады. Күнде 30 құс өледі. Бұл ғимараттың тек бір жағы ғана. Құстар шыныны аспан деп ойлайды. Қазір ультракүлгін жапсырмалар бар дейді. Ғимаратқа жабыстырса, мұндай жағдай болмас еді. Барлығына керек емес, тек 26-қабаттан бастап төмен қарай 2-қабатқа дейін жетеді. Бұл қаншама құстың өмірін құтқарып қалар еді. Құстарға обал", – деді ол өз видеосында.

Юлия Коваленко есімді желі қолданушысы аталған ғимараттың Әл-Фараби даңғылында орналасқанын және "Bazis-A" құрылыс компаниясы салғанын атап өтті. 

"Құстар экожүйеде маңызды рөл ойнайды. Олар ұсақ кеміргіштер мен жәндіктерді жеп, санын реттейді. Сонымен қатар өсімдіктердің тұқымын таратады. Құстардың санының азаюы экожүйедегі тепе-теңдікті бұзады. 

Құстар шынының кесірінен емес, оған көше шағылысқаннан өледі. Orion Residence тұрғын үй кешенінде терезелерде көшенің бейнесі шағылысып, шексіз кеңістік секілді көрінетінін байқауға болады", – деп жазды Юлия Коваленко. 

Тұрғын құстарды қырылып қалудан сақтау үшін терезеге жыртқыш құстардың суретін жабыстырып қоюды ұсынды. 

"Бұл әдіс Еуропа мен АҚШ-та кең тараған. Терезеге арнайы трафарет жабыстырып, құстарды үркітеді. Әрі көптеген нормативті-құқықтық құжаттарға енгізілген", – деп жазды.

Видеоға қатысты пікір білдірген қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының баспасөз қызметі қаржыландыру көзіне қарамастан салынатын нысандардарда техника-экономикалық есептердің жүргізілетінін мәлімдеді. 

“Құрылыс нысанының жобалық сараптамасында экологиялық, санитарлық-гигиеналық, конструкцияның сенімділігі мен өрт-жарылыс қауіпсіздігі бойынша мемлекеттік нормативтік талаптар сақталуы керек”, – делінген хабарламада. 

Талқылау