Банкроттыққа өтініш берген 3 мыңнан аса адамның тек 14 пайызы ғана тіркеуге алынды
Алматыда бір жарым ай аралығында 3662 адам соттан тыс банкроттыққа өтініш берген. Тек олардың 14 пайызы ғана банкрот ретінде танылып отыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті қарыздармен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Будугулов айтты. Сөзіне сүйенсек, банкроттық бойынша барлық түскен өтініштердің 83 пайызы қаралған. Яғни – 3055 іс. Оның ішінде 503 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі қозғалыпты. Азаматтардың 2 552 өтініші кері қайтарылды. Жалпы өтініш берушілердің 362-сі – АӘК алушылар. Бес жыл бойы берешегі бар 690 азамат жүгінген. 605 өтінішке қатысты (бұл барлық түскен өтініштің 16%-ы) тексеру жүргізілуде.
Ал сот банкроттығына қатысты бүгінге дейін 58 өтініш түсіпті. Олардың ішінен 6 азаматқа банкроттық туралы азаматтық іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылып, қаржы менеджерлері тағайындалған. 32 азамат бойынша сот арызды қайтарды, арызды қабылдамаудың негізгі себебі – талап-арыздың талапқа сәйкес келмеуі.