Алматыда балабақшада тарақандар мен жәндіктер қаптап, ата-аналар шағым білдірді
Фото: Видеодан скрин
Алматыдағы №29 балабақшада түсірілген видео ата-аналарды шошытты. Себебі кадрда ғимарат асханасында тарақандардың қаптап, жәндіктердің плиталардың, қабырғалардың және еденнің бойымен емін-еркін жүргені анық көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Ата-аналардың айтуынша, бұған дейін балаларға бұзылған тамақ беріліп келген. Ал ботқаның ішінен тірі жәндіктер жиі шыққан көрінеді. Бір қызығы бұл мекемені бұған дейін басқа ұйымдағы дәл осындай заңбұзушылықтар үшін жұмыстан қуылған меңгеруші басқарып отыр екен.
Ата-аналардың сөзінше, оның келгенінен кейін жағдай күрт нашарлап, асханада азық-түлік ұрлығы басталған.
Алматы қаласы Білім басқармасы видеоны күзет фирмасының қызметкері қыркүйек айында түсіргенін растады. Ведомство балабақшада дезинфекция мен дератизация тұрақты жүргізілетінін айтты. Ал жәндіктердің көбеюіне жақын маңдағы қоқыс контейнерлері себеп болуы мүмкін дейді.
Қазір Ауезов ауданының санитарлық қызметі балабақшада тексеріс жүргізіп жатыр. Білім басқармасы балабақша жұмысына қатаң тексеріс жүргізіліп, кінәлілерге тиісті шара қабылданатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде Талдықорғандағы балабақшада түсірілген видео тарап, көпшіліктің ашуын туғызған еді.
“Қазақ әйелін аяққа таптайды, байлар жарысады: Тоқал алуды заңдастырудың соңы неге әкеп соғады?