Алматыда әйел жаңа туған сәбиін аязда кіреберіске тастап кеткен: Нәрестені 12 жасар қыз құтқарды
Алматыдағы үйдің кіреберісіне біреу енді туған нәрестені тастап кеткен. Оны 12 жастағы мектеп оқушысы Әлима Қасым тауып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Время
Алматылық Эльвира Тоқаева қызының кіреберістен сәбиді тауып алғанын айтты. Қызы қоңырау шалып, нәрестенің оралып жатқанын айтқан.
“Сәби бүйірінен жатып, қозғалып жатқан екен. Әлимаға көршінің есігін қағып, бұл жайды айт дедім”, – деді әйел.
Осы уақытта Эльвира жедел жәрдем мен полицейлерді шақырып, үйге асыққан.
“Жолда келе жатқанымда қызыма тағы да телефон соғып, телефонды көрші әжеге беруін өтіндім. Бірақ сәбиді көрген әжей жылай бастады. Мазасызданып, баланы қолына ала алмады. Жедел жәрдем келгенше бетон еденде тоңып қалмасын деп Әлимадан жастық әкеліп, баланы сонда жатқызуын өтіндім", – деді Эльвира.
Әлима бәрін анасының айтқанындай орындапты. Сол кезде інісі мен сіңлісі жылаған, себебі дүрбелеңнен шошып қалса керек. Қыз оларға мультфильм қосып, дәрігерлермен сөйлесуге сыртқа шыққан. Оларды пәтерге кіргізіп, мамандар баланы тексерді.
Дәрігерлердің айтуынша, қыз бірер сағат бұрын ғана дүниеге келген. Ол шала туған, жеті айлық еді. Аязды күні кіреберісте жатқаннан сәбиге суық тиген. Жаңа туған нәрестенің жағдайы ауыр деп бағаланды.
Ол балалар жедел жәрдем орталығына жатқызылды. Алматы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ол аппаратқа қосылған.
Полицейлер баланы кіреберіске тастап кеткен ананы 24 сағат іздеді. Жұма түстен кейін оның ұсталғаны белгілі болды.
“Ананың жеке басы анықталып, медициналық көмек алу үшін ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға бойынша Түрксіб аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр”, – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Эльвира Тоқаева киім мен памперс сатып алып, барлығын ауруханаға апарды.