Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда автобус аялдамаға соғылып, жаяу жүргіншіні қағып кетті (видео)

автобусВидеодан скрин

Алматының Жетісу ауданында Yutong маркалы автобус аялдамаға соғылып, адамды қағып кетті.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға бүгін сағат 12:35 шамасында Солтүстік айналма жолында болған.

"Yutong маркалы автобустың жүргізушісі Солтүстік айналма көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, көлікті басқара алмай қалған. Соның салдарынан ол бордюрге және аялдама тұрағына соғылған. Сондай-ақ сол сәтте аялдамада тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен", – делінген полиция хабарламасында.

Оқиға салдарынан екі адам зардап шеккен. Аялдамада тұрған жаяу адам мен автобустың жолаушысы медициналық көмекке жүгінген.

Қалалық полиция департаменті хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, барлық мән-жайы анықталуда.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайына қатысты түсініктеме берді. Екі зардап шеккен адам да ауруханаға жеткізілген.

38 жастағы әйел ауыр жағдайда №4 қалалық клиникалық ауруханаға түскен. Ол реаниматолог, травматолог және нейрохирургтің тексеруінен кейін анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған.

10 жасар қыз бала жедел жәрдеммен Балалар жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізілді.Тексеруден кейін дәрігерлер оған амбулаторлық ем тағайындап, үйіне жіберді.

Айнұр Мұхади
Жұма, 24 Қазан, 2025 16:11
Талқылау