Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген науқасқа дәрігерлер алғашқы көмек бермеген: Басшылық мән-жайды түсіндірді

Алматылық Эдуардтың айтуынша, 4 қарашада қант диабетімен ауыратын 75 жастағы әкесін жедел жәрдем қызметі №7 қалалық ауруханаға жеткізген. Алайда қария 3 сағат бойы қараусыз жатқан. Қарияның тамырына дәрі егу мен инсулин салу мүмкін болмаған екен. Баласы тек бір кезекші терапевт медбике жүргенін және оның бос емес болғанын айтып шағымданды. Stan.kz ақпарат агенттігі мекеме әкімшілігіне хабарласып, істің жай-жапсарын сұрап білді. 

Фото: Геннадий Мурашовтың жеке архивінен

Науқас Геннадий Мурашевтің жасы 75-те. Баласының айтуынша, жекеменшік емханалардың бірінен тексеруден өткен. Алайда анализдерінде глюкоза деңгейі 23,8 екені айтылған. Бұдан кейін дәрігер дереу жедел жәрдем шақыру керек екенін айтқан.

“Эндокринологқа барғанда ол ешқандай ем тағайындамай, 7-ауруханаға жолдама берді. Тұрғылықты мекенжай бойынша бақылауға алынуы керек екенін айтты. Сол жерде дереу жедел жәрдем шақырыңыз деді. Біз жедел жәрдем шақырдық, олар әкемдегі қант деңгейі 27-ге көтерілгенін көрді. Жедел жәрдем қызметкерлері ерітінді егіп, көмек берді. Алайда Қалқамандағы №7 қалалық ауруханаға алып кетеміз деп айтты", – деді баласы Эдуард.

Баласының айтуынша, әкесін жеткізген соң терапевт қарап, анализ бен кардиограмма алынған. Бірақ кезекте тұрғанда бір жарым сағат уақыт кеткен.

"Әкемді кушеткаға жатқызып, ерітіндімен тамызғыш қойды. Жарты сағаттан кейін барып қарасам, тамызғыш қосылмаған екен. Медбикеге айтқан соң ғана ол басқа ерітінді құтысын алды. Сөйтіп құрылғыны ауыстырып, қосып кетіп қалды. Шамамен бір сағаттан кейін дәрі тамызғыштағы сұйықтық таусылды. Бірақ медбике келмеді. Тағы бір сағаттай күттік, бірақ ешкім келген жоқ. Содан кейін дәрігерді іздей бастадым. Медициналық қызмет көрсетілмегені туралы шағым жазатынымды ескерттім. Дәрігер барлық қажет нәрсені жазып қойғанын, бірақ медбикенің жоқ екенін айтты да, оны іздеуге кірісті, бірақ нәтиже болмады", – деді Эдуард.

Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін медбике келіп, жаңа ерітіндіге инсулин салған. Тамызғышта сұйықтық аяқталғаннан кейін қантты қайта тексерген. Онда 17 деп көрсетіп тұрған.

"Инсулин егілді, содан соң бізді үйге жіберді. Әкем тамызғышта жатқанда маған кардиограммасын берді, бірақ ешнәрсе айтпады. Кардиологқа өзім кірдім. Ол маған "үстелге қойып кетіңіз, кейін сараптаманы аласыз" деді. Яғни өзім не істеу керек екенін болжауым керек пе?! Жедел жәрдемді шамамен таңғы 10:30-да шақырдық. Ал ауруханадан 18:00 шамасында шықтық. Қантты төмендететін дәріні тек 17:00 шамасында ғана салды", – деп ашуланды науқастың баласы.



Аурухана әкімшілігі науқас Геннадий Мурашовтың 4 қарашада жедел медициналық көмек беру бригадасымен аурухананың қабылдау бөлімшесіне жеткізілгенін растады. Мекеменің мәліметінше, анализ бірден талдауға алынып, 1 литр ерітінді тамшылай бастаған. 

"Науқас пен оның туыстары анализ нәтижесі болмаса да бірден инсулин тамызуды талап етті. Кезекші терапевт пациентке инсулин анализ талдауларының нәтижесінен кейін салатанын түсіндірді. Талдау нәтижелерінен кейін пациентке инсулин тағайындалды. Сол кезде 1-посттағы медбике қан кабинетінен басқа ауыр науқасқа қан әкелуге кеткен. Кезекші дәрігер 2-посттағы медбикеге инсулин салу туралы айтты. Кейін медбике инсулин салып берді", – делінген аурухана жауабында.

Аурухана әкімшілігі науқасқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде толық көлемде алғашқы медициналық көмек берілгенін айтады.

"Шұғыл түрде көмек көрсететіндей көрсеткіштер болған жоқ. Науқасқа алғашқы медициналық көмек берілгеннен кейін ол тіркелген жері бойынша амбулаториялық емделуге жіберілді", – делінді №7 қалалық аурухананың жауабында.

Талқылау