Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық қыз атқа мініп серуендеп жүріп, омыртқасын сындырып алған: Ол инструкторды салғырттық танытты деп айыптады

тауда атқа мініп серуендеуФото: guideadvisor.ru

Алматылық қыз ат спорты клубы қызметкерлерінің салғырттығынан омыртқасын сындырғанын айтты. Ол полицияға арыз түсіргенімен, істі жауып тастапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстандық қыз жағдайды Threads парақшасында баяндады. Айтуынша, клуб қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін алдын ала таныстырмаған. 

“Аттан құлап, омыртқам сынды”

"Биыл 3 маусымда құрбыммен бірге Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, Тәжиев көшесі, 73 мекенжайында орналасқан Riders.Almaty ат клубына бардық. Серуен кезінде клуб қызметкерлері қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамады. Маған жеке қорғаныс құралдарын бермеді және қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулық жүргізбеді. Тіпті жолдың ерекшеліктері мен ықтимал қауіптері туралы ескертпеді. Кейінірек маған берілген жылқының бұрыннан асау екенін білдім. Ал таулы жерде бұл менің өміріме де, денсаулығыма да қауіп төндірді", – дейді қыз. 

Сондай-ақ ол жанында жүрген инструктордың агрессивті болғанын айтты.  

"Бірнеше рет инструкторға тәжірибемнің жоқ екенін, өзіме сенімсіз екенімді айттым. Соған қарамастан, ол қауіпті аймақта, жарқабақтың қасында жүруді талап етті. Оның агрессивті әрекетінің салдарынан аты мен мінген атты қысып өтті. Сол сәтте атым шошып, таудан төмен қарай шаба жөнелді. Салдарынан құлап, төртінші бел омыртқам сынып, орташа ауырлықтағы дене жарақатын алдым. Инструктор бар жағдайды көріп тұрса да көмектеспеді, жедел жәрдем шақырмады. Өзім шақыруыма тура келді. Жедел жәрдем бригадасы 1,5 сағаттан соң келді", – деп жазды қыз. 

Қыз өзіне ота жасалғанын, алайда ат спорты клубы ем шығындарын толық өтемегенін жеткізді. 

ат клубына барып омыртқасы сынғанФото: Threads vm.vvt

"2025 жылдың 5 маусымында маған кифопластика ота жасалды. Қазір ұзақ мерзімді оңалту мен қалпына келтіру кезеңінен өтіп жатырмын. Оның ішінде массаж, инемен емдеу әдістері және дәрі-дәрмек қабылдау бар. Оқиға болған күні клуб өкілдері ем шығындарын өтейміз деп уәде еткен. Алайда кейін кейбір талдаулар мен МРТ ақысын ғана төледі. Ал негізгі шығындар ота, реабилитация, массаждар, ем-дом, дәрі-дәрмек, жоғалған табыс пен моральдық өтемақы әлі күнге дейін төленбеді", – дейді қыз. 

“Полиция істі жауып тастады”

Жарақат алған қыз полицияға арыз жазғанымен, олар істі рұқсатсыз жауып тастаған. 

"2025 жылдың 4 маусымында Наурызбай аудандық полиция басқармасына арыз жаздым. Одан кейін полиция қызметкерлері қоңырауларым мен хабарламаларыма жауап бермей қойды. Бір айдан кейін өзім барып, жауап сұрағанымда бір адамның нөмірін берді. Ол кісі істі менің рұқсатымсыз жауып тастағанын, куәгерлерді, клуб қызметкерлерін тергемегенін айтты. Омыртқа сынғанына қарамастан, қылмыстық істің қозғалмауы, тергеудің мүлдем жүргізілмеуі сұмдық жағдай. Бұл "Құқық қорғау қызметі туралы" заңды өрескел бұзу саналады. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 370-бабы (Қызметтегі әрекетсіздік) пен 371-бабына (Салғырттық) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке жатады", – деп жазды қыз.

Жәбіренуші 31 шілдеде полицияға қайта арызданған. Арада қанша уақыт өтсе де олардан ешбір жауап болмаған. Ал ат спорты клубының басшысы қызды арыз жазбауға көндірмек болған. Алайда полицияға әлдеқашан арыз түскенін білген соң, ұшты-күйлі жоғалған. 

Қыз әділдік орнату үшін бұл істі соңына дейін жеткіземін дейді. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Алайда жауапты орган тарапынан әлі жауап келмеді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 27 Тамыз, 2025 17:06
Талқылау