Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Артында үш баласы қалған: Алматылық азамат жүкті әйелінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

Алматыда ана өлімі тиылмай тұр. Биыл тоғыз айдың өзінде қалада 21 келіншек бақилық болған. Аймақта қайғылы жағдайлардың жиілегенін акушер-гинеколог мамандар да растап отыр. Олар мұны коронавируспен байланыстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

әйел

Айжан Шепенова осыдан екі ай бұрын перзентханада көз жұмған. Қара жамылған отбасы әйелдің қазасына тікелей дәрігерлерді кінәләйді. 

"Дәрігерлерді жазалау керек. Адамды өз қолдарымен өлтіріп отыр ғой олар. Әйелімді аман-есен дәрігерлерге өзім апарғанмын. Ол жерде 6 адамның кінәсі боп тұр. Әйелім қайтыс болып кетсе де, ішіндегі баланы алмаған. Соған мен “не деген бұлар қанішер адамдар?” деп таңғалам, ", - дейді марқұмның жолдасы Бақытжан Ерментаев. 

Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталған. 9 қаңтарда бірінші сот отырысы өтуі керек. Үш перзентімен жалғыз қалған Бақытжан кінәлілердің әділ жазалануын сұрайды. 

"Әлі есеңгіреп жүрмін. Ұйықтасам да түсімнен кетпейді. Анасыз бала қалай болады, қиналамыз. Балаларым да, өзім де, әке-шешем де қиналып жүр. Бос үйге кіресің", - деді Бақытжан Ерментаев.

Бүгінде Алматыда мұндай оқиғалардың саны азаймай тұр. Тоғыз айдың өзінде 21 келіншек  босану не жүктілік кезінде көз жұмған. Мамандар өлімнің көбеюіне вирусты себеп болып отыр деді. 

"Ана өлімінің бірнеше себебі бар. Ал соңғы жылдағы ана өлімінің Қазақстанда көбеюінің бірден бір себебі ол – коронавирус. Қазір ең көп ана өлімін берген сол. Ал акушерлік жағынан келетін болсақ, қан кетулер, дер кезінде дәрігерге қаралмау себеп болады", - дейді акушер-гинеколог Әйгерім Ақшабаева. 

Психолог мамандар мұндайда жаңа туылған сәбидің болашағын ойлаған жөн дейді. 

"Ана өлімі әсіресе жақындарына, әсіресе, жаңа туған сәбидің психологиясына қатты әсер етеді.  Анасыз өскеннен кейін кейбір балалар өзін кінәләйді. Мені туам деп өмірден кетті дейді. Ондай балалар, әрине, ынжық, өзіне сенімсіз болады", - деп мәлімдеді отбасылық психолог Айгүл Алтайқызы.

Жалпы еліміз бойынша былтыр 156 әйел көз жұмған. Яғни көрсеткіш 2,8 есеге өскен. Белсенділер өлімнің артуына көбіне білікті маман мен озық технологияның жетіспеуінде дейді. Болғанның өзінде дұрыс пайдаланбайды деп топшылады.

Талқылау