Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 8 мыңнан астам оқушы мектеп автобустары арқылы қатынайды

Алматыда "Мектеп автобусы" жобасы аясында күн сайын 8 мыңнан астам оқушы мектепке қатынай алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматыда жаңа оқу жылы басталғалы бері 100 жаңа мектеп автобусы жүріп жатыр. Алматы әкімдігінің мәліметінше, автобустар қаладағы 30 мектепке күніне 8258 оқушыны тасымалдайды.

"Мектеп автобусы" пилоттық жобасы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылды және Қазақстандағы мұндай ауқымды жобаның алғашқысы. Жобаны жүзеге асыру аясында "АлматыЭлектротранс" ЖШС Алматы қаласы білім басқармасының көмегімен 100 мектеп автобусын (оның ішінде 21 орындық 50 автобус және 40 орындық 50 автобус) сатып алды. Автобустар кішкентай және мектептен шалғай тұратын оқушыларды тасымалдайды", - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мысалы, №210 мектеп-лицейіне "Байбесік" шағын ауданынан 222 бала, "Ұлжан-2" шағын ауданынан 148 бала тасымалданады. №200 мектеп-гимназиясына Абай саяжайынан 241 оқушыны тасымалдайды. №162 мектеп-гимназиясына "Жас Қанат" шағынауданынан 175 бала, ал №183 жалпы білім беретін мектепке "Асқартау" шағынауданынан мектеп автобусы 76 оқушыны алып келеді. Мектеп автобустары барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен техникалық талаптарға сәйкес келеді: апаттық шығу, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі бар.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, әр мектеп бойынша маршруттық парақтар әзірленді. Бұл мектепке дейін жеткізуді қажет ететін барлық баланы қамту үшін жасалады.

Талқылау