Қазақстандағы алғашқы ота: 7 жасар қыздың омыртқасынан оның паразит-егізі алынып тасталды
Алматыдағы №2 клиникалық ауруханасын хирург мамандары ең ауыр оталардың бірін жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Осы жылдың сәуір айында №2 қалалық ауруханада хирургиялық бөлім ашылған. Жарты жыл ішінде бөлімде 150-ден астам қиын ота іске асырылыпты. Дегенмен олардың ішінде бүкіл елге таралған бір жағдай болған.
7 жастағы қыз баланың туғаннан бері омыртқасында ақау бары байқалған. Дәрігерлер оған омыртқасының қатерлі ісігі деген диагноз қойыпты.
"Қыздың омыртқасына жасалған ота кезінде оның тератомаға шалдыққанын анықтадық. Біздің көргеніміз жағамызды ұстатты. Ол жерден адам денесінің мүшелерін көрдік, яғни ұрықтың пайда болғандығы айқындалды", - деді ауруханың бас дәрігерінің орынбасары Әлібек Жарасов.
7 жыл бойы ұрық қыздың денесінде дамып, өскен. Отаның сәтті шығуы - өте қуанышты жағдай, себебі бұл ауру сирек кездеседі.
Аурухана басшылығы алдағы уақытта хирургиялық бөлімді кеңейту жоспарларында бар екендігін қосты.
"Біз операциялық микроскоп, нейрохирургиялық құрал-жабдықтар аламыз деп отырмыз. Содан кейін біз қалада орындалмаған басқа да қиын оталарға көңіл бөлетін боламыз", - деп қорытындылады дәрігері.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
