Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Ұранхаевтың кезінде қайта жөндеуден өтуі тиіс болған бас арық жұмысы аяқсыз қалған

2018 жылы Алматы билігі Абай даңғылында орналасқан бас арықты қайта жөндеп, абаттандыратынын мәлімдеген. Сол кезде сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болған Нұрлан Ұранхаев арықты қалпына келтірудің негізгі идеясы – заманауи абаттандыру екенін жеткізген. Сондай-ақ дизайн әдістерін қолданып, барлық тұрғындар үшін оның тарихи тартымдылығы сақталатынын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сәулет және қала құрылысы басқармасы

Ұранхаев барлық жасыл аумақтар сақталып, суға қолжетімділік қамтамасыз етілетінін айтқан. Ықтимал қауіпті аймақтар жойылып, қысқартылады, деген. Сондай-ақ адамдарға тынығу үшін қоғамдық орындар қалыптасатынын жеткізген. 



Жалпы атқарылатын жұмыс жобасында:

  • су ағынын көбейту үшін бұрынғы қалпын сақтап, арықты кеңейту жұмыстарын жүргізу;
  • қаланың тарихи-мәдени, ландшафтық және сәулеттік-кеңістік кейпін сақтау;
  • игерілмеген қала аумақтарын тиімді пайдалану;
  • қаланы жобалау және сәулеттік жобалау жұмыстарын жүргізу кезінде жаңа технологиялар мен заманауи материалдарды енгізу қарастырылған.

 

"Достық даңғылынан Абай бойымен жүрсеңіз, екі аймақ барын байқайсыз. Оның бірі жаяу жүргіншілерге арналған. Ал екінші аумақта арықтың үстіне кафелер мен мейрамханалар орналасқан. Ол жерде бәрі басқаша көрінеді. Бұл кафелерге ешқашан кірген емеспін. Мұнда кафелер ондаған жылдан бері тұр. Қазір олардың бәрі ашық. Арықтың үстінде жазда отыруға арналған орындар ашылған еді. Алайда біз оларды алып тастап, арнайы алаң жасадық", –деген сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болған Нұрлан Ұранхаев.

Фото: Сәулет және қала құрылысы басқармасы

Сол кезде басшы Ұранхаев Алматыдағы Абай даңғылындағы бас арықтың бойында жаңа қоғамдық кеңістік пайда болатынын айтқан. Сондай-ақ Абай мен Достық қиылысындағы аумақта, Лермонтов театрының маңында бас арық кеңейтілетінін жеткізген. 

"Арықтың кеңейтіліп жатқан тұстары бар. Болашақта тұрғындар жай ғана өтіп кетпей, аяқтарын суға батырып, тыныға алады. Ол жерде қоғамдық орындар, орындықтар жасалып, субұрқақтар іске қосылады. Әрине, су таза және салқын болады. Арықты ешкім жауып тастамайды. Тек Достық-Абайда суы таязданған жерді жоғарыдан жабамыз. Біз кеңістікті ландшафтаймыз, асфальт төсеп, адамдар емін-еркін өте алатындай етеміз. Онкологиялық диспансердің жаны кеңейтіліп, субұрқақтар пайда болады. Жаяу жүргіншілер аймағы 15 метрге кеңейеді. Көпшілік арықта су болмаса, салқындай алмаймыз, деп ойласа қатты қателеседі. Тек дүрбелеңге салынбай 2 ай күтсе жеткілікті", – деген Ұранхаев. 

Фото: Сәулет және қала құрылысы басқармасы

2018 жылы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болған Нұрлан Ұранхаев қайта құру жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізген. Алайда нәтижесінде бұл жұмыс толық орындалмаған.

Осыған орай Stan.kz тілшісі Алматы қаласының әкімдігіне, бұл жұмыс неліктен толық орындалмады, неге су ішіне баспалдақтар салынбады және қайта құру аясында қандай жұмыстар атқарылды деген сауалмен жүгінді.

Қала әкімдігі ол кезде жұмыс істеген адамдар жоқ екенін айтты. Дегенмен сауалға жауап беруге тырысатынын жеткізіп, сол күйі жауабын бермеді. 

Айта кетейік, Нұрлан Ұранхаев қазіргі уақытта Абай облысының әкімі. Ол бұл қызметке 2022 жылдың 11 маусымында тағайындалған еді.

Ал 2017-2018 жылдар аралығында Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2019 – 2022 жылдары — Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болған. 

Ол Абай облысы әкімі қызметіне келген соң, бір жылдан кейін 2023 жылдың 8 маусымында өңірде "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты алапат өртке оранды. Өрттен "Семей Орманы" резерватының Новошульба филиалының 15 қызметкері қаза тапты. Кейіннен мемлекет басшысы Тоқаев Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.

Талқылау