Алматыда №4 қалалық аурухананың бас дәрігері тұтқындалды
Алматыда қалалық №4 клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев тұтқындалды. №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оны екі айға тұтқындау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған.
Сурет: №4 қалалық аурухананың сайты
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.
Тезекбаевтың тұтқындалғанын оның жұбайы Дина Тезекбаева растады.
«Сот 22 қыркүйекте өтті. Ол ҚР ҚК «Медицина немесе фарацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісті түрде орындамауы» бабымен айыпталып отыр», - дейді Дина Тезекбаева.
Оның сөзінше, күйеуі бас дәрігер қызметінен уақытша шеттетілген.
Сонымен қатар ұлттық медициналық қауымдастықтағылар да Тезекбаевтың тұтқындалғанын растап отыр.
«Оны жексенбі күні тұтқындады. Бізде ақпарат пайда болып, адвокат іс материалдарымен танысып және оларға қол жеткізе алғаннан кейін ғана не істеу керегін шеше аламыз», - дейді қауымдастық президенті Айжан Садықова.
Ал Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіндегілер оқиғаға қатысты пікір білдіруге қиналды. Олар ақпараттың анықталып жатқанын айтты.
Егер Тезекбаевтың кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.