Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 1 сәуірден бастап жылу мен ыстық су тарифі қымбаттайды

Жылу тарифинің бағасы өседіФото: pexels.com

2026 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы тұрғындары үшін жылу энергиясы мен ыстық су тарифтері шамамен 10% өседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Алматы жылу желілері" бекіткен жаңа бағаларға сәйкес, гигакалория құны 8 240 теңгеге дейін көтеріліп, есептегіші жоқ үйлер үшін төлем одан да жоғары болмақ.

Алматыда жылыту маусымы аяқталған соң коммуналдық қызмет құны артады. 1 сәуірден бастап халық үшін жылу энергиясының тарифі қазіргі 7 503,35 теңгеден 8 240,25 теңгеге (қосымша құн салығынсыз) дейін өседі.

Төлем көлемі үйде есептегіш құралдың бар-жоғына байланысты есептеледі. Есептегіші бар үйлерде тариф 8 088,18 теңге/Гкал болады (қазір 7 364,88). Ал есептегішсіз үйлерде бір гигакалория 9 888,30 теңгеге дейін қымбаттайды (қазір 9 004,01).

Өзгеріс ыстық су қызметіне де әсер етеді. Ашық жүйесі бар көпқабатты үйлерде бір адамға ай сайынғы төлем жылыту кезеңінде 1 937,91 теңгеден 2 114,65 теңгеге дейін ұлғаяды. Ал жеке есептегіші бар пәтерлерде ыстық судың бір текше метрі 612,68 теңге болады (қазіргі баға – 561,76 теңге).

Сонымен қатар бюджеттік ұйымдар үшін тарифтер керісінше төмендейді – 26 681,50 теңгеден 23 642,11 теңгеге дейін. Ал бизнес субъектілері үшін өсім шамамен 1,7%-ды құрап, 14 586,13 теңге/Гкал деңгейінде белгіленген.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2025 жылы жылу тарифі қалаға қарай қатты өзгеретінін жазған едік. Бір жерде 1 гигакалория 3 мың теңгеден сәл асса, енді бір өңірде 10 мың теңгеден асып кеткен. Бағаның айырмашылығы климатқа, отын түріне, жылу желілерінің жағдайына және үйде есептегіштің бар-жоғына байланысты. Ең арзан жылу оңтүстікте, яғни Түркістан, Қонаев, Қызылорда қалаларында тариф 3-3,5 мың теңге шамасында. Ал Астана, Талдықорған, Өскемен сияқты қалаларда баға 4-5 мың теңге аралығында болған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 11:55