Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құрылыс өте баяу жүріп жатыр": Алматы тұрғыны үйдің кілтін уақытылы бермеген Glavstroy компаниясына шағымданды

Алматылық Жансая Скакова былтыр қараша айында Glavstroy әзірлеуші компаниясынан үй сатып алып, бөліп төлеу арқылы рәсімдеген. Компания үйдің кілтін ақпан айының басында береміз деп уәде еткен көрінеді. Бірақ Алматы тұрғыны сәуір болса да әлі үйінің кілтін ала алмай жүр. Ал әзірлеуші жылу жолы жасалып бітпей жатыр деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: 2gis.kzФото: 2gis.kz

Жансая Скакованың айтуынша, компания үйді бөліп төлеу арқылы рәсімдегенде клиенттің несие тарихы мен төлем қабілетін тексермейді екен. Олар әзірше клиентті осылай жинаймыз деп түсіндіріпті. Осылайша тұрғын Тұздыбастаудағы Oasis таунхаусынан үй рәсімдеген.

"Біз үшін бұл компанияның шарттары ыңғайлы болып, үйдің алғашқы жарнасын төлеу үшін несие алдық. Үйді де барып көрдік. Сол кезде қазып, құрылыс жұмыстарын істеп жатты. Жақында жылу жолдарын жүргіземіз, қаңтар айының аяғы, ақпан айының басы кілттерді бере бастаймыз деген. Біз өзіміз үйді қарашаның аяғында алып тұрған соң екі айдан кейін кіреміз, жақсы болды деп қуандық, сендік. Ал келісімшартта 2025 жылдың 1-жартыжылдығы деп тұрды. Әрі кетсе үш ай, наурызда беретін шығар деп үміттендік. Ақпанның басында ешқандай хабар болмағасын өзіміз іздедік. "Жылу жолын жүргізу кешірек басталды, сондықтан кілт беру мерзімі кешігетін сияқты" деп құжат жіберді. Ол құжатта үйдің кілтін беру 1-5 сәуір аралығы басталады деп жазылған", – деп шағымданды тұрғын.

Кейіннен компания кілтті мамырда береміз деген. Бірақ клиенттер үй жақта жұмыс әлі жүріп жатқанын, өте баяу істеліп жатқанын айтып отыр.

"Үйдің тұрпаты 1-2 айда кілтті беретінге ұқсамайды. Кейіннен кілт беру мерзімі мамырдың басы деп түсіндірді. Онда да күніне 3-4 адамнан ғана кіре алады. Бұл қаншалықты рас екені белгісіз, үміттенуден қалдық. Кілтті жазда бір-ақ аламыз ба сонда деп күдіктене бастадық. Қарап отырсақ, жарты жыл кешіктірді. 2GIS қолданбасынан қарасам, кейбір пікірлерді өшіріп жатыр екен", – дейді Glavstroy компаниясының клиенті.

Шағым білдіріп отырған тек Жансая Скакова емес. Мысалы, 2GIS қолданбасында осы мекенжайға шағым білдірген клиент көп. Олар да үйдің кілтін ала алмай жүргендерін жазған. Тіпті кейбірі келісімшартты бұзып, ақшасын қайтара алмай жүрген көрінеді.

"Таунхаусты 2024 жылдың ақпанында рәсімдегенбіз. Кілтті шілде айында беруі керек болған. Кейін оны қыркүйекке, одан соң қараша айына белгіледі. Осыдан соң компаниядан хабар болмады. Біз құрылыс жақа былтыр желтоқсанда бардық. Барсақ, жаздан бері ештеңе өзгермеген. Сосын сол айда келісімшартты бұздық. Үйдің ақшасын үш айда қайтарып алу туралы сотқа дейінгі претензия жаздық. Бірақ бізге ақша жоқ деген жауаппен қаржыны қайтармады. Қазір бүкіл ақпаратты сотқа жолдау үшін қамданып жатырмыз", – деп жазды Жания есімді тұрғын.

Stan.kz компанияға хабарласып, кілт беру мерзімі неге кешіктіріліп жатқанын сұрады. Glavstroy компаниясының Қызмет көрсету менеджерінің сөзінше, жылу жолын өткізу кеш басталған.

"Қазандықтар орнатылған. Қазір соңғы жылу жолын өткізіп, балқыту жұмыстары атқарылып жатыр. Балқыту шамамен 1-2 күнде бітеді. Соңғы блоктар қалды. Сол 1-2 блок біткеннен кейін үстін жауып, тұрғындарға біртіндеп кілттерін береміз. Жылу жолының жұмысы аздап созылып кетті. Сол себепті кілтті беру мерзімі шегерілді. Қазір біз жоба басшысынан хаттама күтіп отырмыз. Оны 1-2 күнде қолымызға аламыз да, тұрғындарға жібереміз.

Компания тұрғындар үйінің кілтін мамырда ала бастайды деп жоспарланып отырғанын айтты.

"Кілтті беру мамырда басталады деп жоспарлап отырмыз. 1-блоктан бастаймыз, ал жалпы ол жерде 13 блок бар. Кілтті жай бере салмаймыз, әр тұрғынды апарып, көрсетіп, кілтін тапсырамыз. Күніне шамамен 3-4 адамнан ғана қабылдай аламыз. Хабарласып жатқан клиенттерге жақын арада хаттаманы алатынымызды айтып, жауап беріп жатырмыз", – деп жауап берді Қызмет көрсету менеджері.

Сонымен қатар тілшіміз 2GIS қолданбасында жағымсыз пікір азайып, жақсы пікірлер көбейгенін байқады. Ал компания желіде жағымсыз пікірлерді өшірмегенін айтып отыр.

Талқылау