Алматы-Өскемен тасжолында көлік аударылып, екі кішкентай бала мен бір ересек көз жұмды
Алматы-Өскемен тасжолында жол талғамайтын көлік аударылып, үш адам қаза болды. Тағы төрт адам түрлі жарақат алды. Сарқан мен Үшарал қалалары арасында болған жол көлік оқиғасының кадрлары әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Суреттерден зардап шегушілерге көмек көрсетуге тырысқан бірнеше ер адам мен әйелді көруге болады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 30 мамыр күні Сарқан ауданында болған. Mercedes-Benz көлігінің рөлінде 29 жастағы ер адам болған. Ол Алматы-Өскемен тасжолының 443-ші километрінде рөлді басқара алмай, аударылып кеткен.
"Көлікте үш ересек және төрт кішкентай бала болған. Жол апатынан үш адам көз жұмды, олардың екеуі балалар. Қалған төрт адам түрлі жарақатпен Сарқан аудандық ауруханасына жеткізілді", - деп хабарланды Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабы, 4 бөлімі бойынша (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) тергеу жүруде. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
