Алматы облысындағы Ақши ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартты
Алматы облысындағы Ақши ауылында "Арақсыз ауыл" жобасы жүзеге аса бастады. Бұл бастаманы ақсақалдар кеңесі, полицейлер мен мемлекеттік қызметкерлер көтерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “24KZ” жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Istock
Сауда-саттықпен айналысатын Ақши елді мекеніндегі кәсіпкерлер де алкоголь өнімін сатудан бас тартып жатыр. Елімізде әр үшінші қылмыс спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтыну салдарынан жасалады.
"Арақсыз ауыл" жобасы Қарағанды, Ақтөбе, Жетісу облыстарында да қолға алынды.
“Бауыржан атамыздың "тәртіпке бас иген құл болмайды" деп айтқанындай, еліміздің, жеріміздің, ауылдық жерлердің тек тыныштығын сақтап, қылмыстың алдын алу мақсатында, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін осы ауылға келіп, жобаны қолға алып жатырмыз. Ауыл тұрғындарының бәрі – аналарымыз да, аталарымыз да 100% қолдап, сол жобаны іске асырып жатырмыз”, – дейді Іле аудандық полиция басқармасының бастығы Ертіс Тоқтаров.
"Арақсыз ауыл" жобасын қолдаймын. Өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені жастарымыздың болашағына арақтың зияны болмаса, келіп-кетер пайдасы жоқ деп ойлаймын. Біздің дүкенде арақ сатылмайды. Біз тек шұбат секілді өте пайдалы өнімдер сатамыз”, – деп атап өтті сатушы Гүлмира Керімбекова.
Бұған дейін Қазақстанда 100-ге жуық ауыл тұрғыны ішімдіктен бас тартқанын жаздық. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха осылай деп мәлімдеді.
Сенаттағы брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха нақты 97 ауыл ішімдіктен өз еркімен бас тартқанын айтып, өңірлерге тоқталып өтті.
“Қарағанды облысында 50 ауыл, Түркістан облысы 7 ауыл, Қостанай облысында 6, Ақтөбе облысында 5, Жамбыл облысында 5 ауыл, ШҚО-да 4, Қызылорда облысында 3, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарында 2 ауыл, Маңғыстау, Жетісу және Павлодар облысында 1 ауыл. Бұл – шағын ауылдар. Осы өңірлердің тұрғындары "енді ішімдік ішпейміз" деп шешім қабылдаған. Өздерінің бастамасы”, – деді Игорь Лепеха сенаттың жалпы отырысынан соң.