Алматы облысында жастар пранк түсіру үшін көліктің терезесін сындырған
Алматы облысында пранк жасау үшін көліктің терезесін шаққандар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында автокөлікке зақым әкелген бейнежазба анықталған болатын. Тексеру барасында оқиға Есік қаласында 2021 жылғы 4 қаңтарда орын алғаны анықталды. Аталған дерек бойынша полицияға ешкім арыз түсірмегенімен, Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары дерекке тексеру ұйымдастырды. Дерек расталып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Алмалы ауылының 21 жастағы тұрғыны және “Фольксваген Пассат” автокөлігінің иесі, Есік қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды", - делінген полиция түсініктемесінде.
Оқиғаға қатысушылар алдын ала келісіп, әлеуметтік желілердегі жұрттың назарын аударту мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзуға әкелген әрекеттерге барған. Ұсталғандардың айтуынша, істеген әрекеттеріне өкінеді, олар тек парақшаларына жазылушылардың санын арттырып, сосын көліктің әйгенін жөндегілері келген.
Құқық бұзушыларға ҚР Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін материал сотқа жолданды.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
